Көлік министрі Марат Қарабаев қалааралық inDrive таксилерін шектеу жағын қарастырып жатқанын айтқан еді. Министрдің айтуынша, таксишілер жылдамдықты асырып, жолаушылар өміріне қауіп төндіріп жүр. Осы орайда, inDrive компаниясы министрліктің бұл шешіміне қатысты пікір білдірді.

«inDrive сервисі Қазақстан нарығында 10 жылдан аса жұмыс істеп келеді. Осынша уақытта біз реттеуші органдардың талаптарын қатаң сақтап келеміз. Қазіргі күні inDrive сапарлас жолаушыларды іздеудің ең кең тараған онлайн-қосымшасы болып отыр. Мұндай сапардың басты артықшылығы — жүргізуші жолаушыны оған ыңғайлы кез келген уақытта, өзара келіскен жолақыға кез келген қалаға жеткізеді. Қалааралық сапарлардың арақашықтығына шектеу қою көптеген жүргізушілер мен жолаушыларға әсер етеді, бұл мәселені нарықтың барлық қатысушылары ҚР Көлік министрлігімен бірлесе отырып шешу керек деп есептейміз», — деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.

Бұған дейін министр аталған агрегаттың танымалдығынан қалааралық автобустарға сұраныстың төмендегенін айтқан.

«Өкінішке қарай, цифрлық технология тұрақты автобус қатынасының танымалдылығын төмендетті… Неліктен адамдар қазір inDrive немесе жеңіл автокөлікті қалайды? Олар жылдамдықты шектен асырып, тезірек жетеді. Бізде орташа жылдамдық болғанда, автобус та, машина да, бірдей уақытта, кем дегенде, айырмашылық үлкен болмайды», — деген еді министр.

Сондай-ақ такси жүргізушілері күндіз сегіз сағаттан астам көлік жүргізсе, басқа есептік жазба арқылы сапарға шыға алмайтындай етіп FaceID жүйесін енгізу мәселесі қарастырылуда.

«Бірақ біз тағы бір мәселені талқылап жатырмыз. Шет елдерде агрегаторлардың, мысалы, 50 шақырымға дейін жеткізуге құқығы бар, одан артық жүре алмайды. Содан кейін біз әдеттегі автобус қызметіне көшуіміз керек. Яғни, inDrive 50 километрден асатын тасымалдау қызметімен айналыса алмайды. Біреу 150 шақырым дейді, біреу 50 шақырым дейді. Бірақ біз үшін қауіпсіздік маңызды», – деп түсіндірді Марат Қарабаев.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта заңсыз тасымалданатын көліктердің басым бөлігі оң жақ рульді немесе оң жақ рульді рульден сол рульге ауыстырылған.

«Альфард көліктерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының саны тым көп. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүргізуші медициналық тексеруден өтетін тұрақты автобус қызметі әлі де қажет. Мақсатымыз халықты тұрақты автобуспен тасымалдауға көшуге ынталандыру», — деп түйіндеді министр.