Қазақстандықтардың банктердегі жинағы кейінгі 25 жылда 460 есе өскен. 1999 жылы 53 млрд теңге болса, 2024 жылдың соңында 24 трлн, ал 2025 жылғы қыркүйекте 26 трлн теңгеге жетті. Бұл деректерді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынды.
Доллардан кету және жаңа өнімдер
Сарапшылардың айтуынша, халықтың қаржы мәдениеті айтарлықтай өзгерді. Қарапайым депозиттермен қатар қазір қазақстандықтар жоғары табыс ұсынатын күрделі өнімдерге қызығушылық танытуда.
2024 жылы мерзімді жинақтар 27,8%, ал жинақ депозиттері 67,5% артқан. Бұл – салымшылардың тәуекелі жоғары, бірақ табысы да жоғары өнімдерге бет бұра бастағанын көрсетеді.
Маңызды тренд – депозиттердің долларлануы тарихи минимумға түсті. Қазір ол небәрі 22,7%. Бұл халықтың теңгеге деген сенімі артқанын айқындайды.
Кепілдік көлемі 100 есе өсті
1999 жылы депозит кепілдігі небәрі 200 мың теңге болса, бүгінде ол 20 млн теңгеге дейін жетті.
ҚДКБҚ кепілдік береді:
• теңгедегі жинақ депозиттеріне – 20 млн теңгеге дейін,
• теңгедегі өзге депозиттер мен шоттарға – 10 млн теңгеге дейін,
• шетел валютасындағы депозиттерге – 5 млн теңгеге дейін.
Бұл жүйе салымшылардың 99,8%-ын қамтып отыр.
Жедел төлемдер
Бұрын банк лицензиясынан айырылғаннан кейін салымшылар айлап күтетін болса, қазір өтемақы 6 жұмыс күні ішінде төленеді.
Мысалы, кейінгі жылдары жабылған Tengri Bank, AsiaCredit Bank және Capital Bank Kazakhstan клиенттері ақшасын бір апта ішінде алған.
Қордың арнайы резервтері де айтарлықтай өсті: 1999 жылы 1 млрд теңге болса, қазір 1,4 трлн теңгеге жеткен.