Микроқаржы қызметтерін жүзеге асыратын ұйымдардың несие портфелі 2024 жылғы II тоқсанда негізінен МҚҚЖҰ секторында 58% үлесті құрайтын бизнес субъектілеріне берілген микрокредиттер есебінен 2,6 трлн теңгеге дейін 4,8% ұлғайды.  

Бизнес субъектілеріне берілген микрокредиттер 2024 жылғы II тоқсанда  7,9%, 1,5 трлн теңгеге дейін, оның ішінде заңды тұлғаларға берілгені — 3,1%, 790 млрд теңгеге дейін, жеке тұлғаларға, оның ішінде микроқаржы ұйымдары мен кредиттік серіктестіктер портфелінің өсуі есебінен кәсіпкерлік мақсаттарға дара кәсіпкерлерге берілгені – 13,7%, 711 млрд теңгеге дейін ұлғайды.

Халыққа тұтынушылық мақсаттарға берілген микрокредиттер негізінен микроқаржы ұйымдары берген микрокредиттер есебінен 2024 жылғы II тоқсанда 0,8% ұлғайып, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 1,1 трлн теңгені құрады, халыққа берілген микрокредиттердің құрылымында  олардың үлесіне 75% тиесілі.

МҚҚЖҰ портфеліндегі 90 күннен астам төлем мерзімі өткен қарыздардың (NPL90+) деңгейі 2024 жылғы 1 шілдеде 5,2%-ды құрады (01.01.2024 – 3,9%). Халықтың портфелінде 90 күннен астам төлем мерзімі өткен микрокредиттердің үлесі 9,1%-ды (01.01.2024 – 6,5%), бизнестің портфелінде – 1,9%-ды (01.01.2024 – 1,6%) құрады. Проблемалық берешектің ұлғаюы биыл 1 шілдеден бастап жоспарланып отырған заңнамалық деңгейде осы әрекеттерге тыйым салуды енгізу аясында микроқаржыландыру нарығы субъектілерінің коллекторлық агенттіктерге азаматтардың берешегін сатуды тоқтата тұруына байланысты болды. Коллекторлық агенттіктерге азаматтардың берешегін сатуға тыйым салу 2026 жылғы 1 мамырға дейін қолданылатын болады.