Ұлттық статистика бюросы 2023–2024 жылдары жүргізген «Халықтың өмір сапасы» зерттеуінің қорытындысын жариялады. Сауалнама еліміздің барлық өңірін, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыды. Оған 15 жастан асқан 11,9 мыңнан астам респондент қатысып, әр отбасыдан бір адам сауалнама толтырған.
Зерттеу нәтижесі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар жалдамалы жұмыскерлерге қарағанда өміріне көбірек риза екенін көрсетті. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қанағат деңгейі 44,3%-ды құрап, жалдамалы қызметкерлерден 7,5 пайыз жоғары болды. Ал ең үлкен өсім жұмыссыздар арасында байқалды: бір жыл ішінде олардың өмірге қанағаттануы 9,6 пайыздық тармаққа артқан. Тұрмыс жағдайына көңіл толушылықта да жұмыссыздар алға шықты. Сарапшылар мұны уақыт еркіндігімен және жеке шешім қабылдау мүмкіндігімен байланыстырады.
Жастардың бақыт деңгейі ең жоғары болып отыр. Әсіресе 18–28 жастағылар өз өміріне ерекше риза екенін көрсеткен. Ал жасы ұлғайған сайын қанағат деңгейі төмендей береді. 58 жастан асқан респонденттердің тек үштен бірі ғана өміріне көңілі толатынын айтқан. Бұл тенденция әлемнің басқа елдерінде де байқалатын заңдылық: жас кезде әлеует пен мүмкіндік көп болса, уақыт өте келе тұрмыс қиындықтары көбейе береді.
Қаржылық жағдайға қанағаттану көрсеткіші кейінгі екі жылда өзгермей, 36,6% деңгейінде қалды. Алайда қала мен ауыл арасында айырмашылық бар. Қалалықтардың қанағат деңгейі аздап төмендесе, ауыл тұрғындарының 46,7%-ы өз отбасының қаржылық жағдайын оң бағалаған. Дегенмен, халықтың басым бөлігі тұрмысына толық қанағаттанбайтынын жасырмайды.
Әлеуметтік байланыстарға келгенде, ауылдықтар айқын көш бастап тұр. Туыстарымен қарым-қатынасқа риза ауыл тұрғындарының үлесі 81,6%-ды құрады. Жалпы ел бойынша туыстық байланыс бірінші орында тұр – 77,1% респондент осы салаға көңілі толатынын айтқан. Екінші орында достармен араласу (70,9%), үшінші орында – әріптестермен қарым-қатынас (54%) бар. Бұл көрсеткіш қазақстандықтар үшін отбасы мен туыстық қарым-қатынастың маңыздылығын айқындайды.