2022 жылдың бірінші тоқсанында шетелдік интернет-компаниялар бюджетке 2,6 миллиард теңге салық төледі.
Салықтың бұл түрін ел аузында «Google салығы» деп атап кеткен. Бұл Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік технологиялық компанияларға салынатын салық түрі. Жыл басынан бері олардың төлеген салығы 3 млрд теңгеге жуықтады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің Цифрлық активтер басқармасының басшысы Нұржан Қуандықов айтты.
«Бүгінде Қазақстанда ел азаматтарына қызмет көрсететін және тауарларын сататын 32 шетелдік компания тіркелген. Салық «Google салығы» деп аталса да, шын мәнінде қосылған құн салығы болып табылады. Салық мөлшері басқа салық төлеушілер сияқты 12 пайызды құрайды», - деді ол.
Нұржан Қуандықов бұл жаңа салық емес деп түсіндірді. Ол әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылады. Мысалы, Францияда 2017 жылдан, Ұлыбританияда 2020 жылдан, Италияда 2021 жылдан, Түркияда 2020 жылдан, Ресейде 2017 жылдан, Беларусьте 2018 жылдан, Өзбекстанда 2021 жылдан бастап енгізілген.
«Көптеген компаниялар бізден салық декларациясын тапсыру керек пе деп сұрайды. Жоқ, қажет емес. Қазақстанның салық басқармасы ыңғайлы болу үшін бұл тармақты алып тастады. Сондай-ақ, айыппұлдар мен басқа да күрделі салықтық әкімшілендіру тетіктері жоқ екенін атап өткен жөн. Біз компанияларға толық сенім артамыз. Дегенмен, бақылау шаралары әлі де бар. Салық басқармасына шетелден келетін тауарлар туралы ақпарат тұрақты түрде түседі, банк операциялары туралы ақпарат бар, т.б», - деді ол.
Нұржан Қуандықов шетелдік компаниялардың «Google салығын» төлеуден неліктен босатылатынын да түсіндірді:
1) Қазақстан Республикасында кедендік төлемнің жалпы сомасы ретінде баждар мен салықтар төленген және қайтарылуға жатпайтын тауарларды Қазақстанға әкелу кезінде құн немесе салмақ нормасынан асуы бөлігінде;
2) егер мұндай тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің құны салық салынатын импорт сомасына қосылса;
3) егер тауарларды немесе интернет қызметтерін сатып алушы заңды тұлға болса;
4) егер интернет қызметін сатып алушы жеке кәсіпкер болып табылса.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексінің шетелдік интернет-компаниялардың Қазақстанда жеке тұлғаларға сатылған тауарлары мен көрсеткен қызметтері үшін ҚҚС төлеу жөніндегі міндеттемелері туралы нормалары күшіне енді. Сатылған тауарлар мен қызметтердің сомасына ҚҚС ставкасы 12% құрайды. Компаниялар төлем алушы ретінде арнайы Сауда идентификаторы немесе MID коды арқылы анықталады.