Astana hub халықаралық
IT-стартаптар технопаркінде ауыл
шаруашылығын дамытуда жоғары технологиялық әдістемелерді тақылау бағытындағы «Agritech – Efficiency & Resiliency» атты
халықаралық конференциясы өтіп жатыр.
Жиын барысында қатысушылар
аграрлық секторда диджитал технологияларды пайдалану, шаруашылық қожалықтарға
арналған цифрлық мүмкіндіктер, Франция мен Қазақстан компаниялары арасындағы
ықпалдастық мәселелері талқылануда.
Халықаралық конференцияда алғашқы болып Францияның Қазақстандағы Елшісі Дидье КАНЕСС сөз сөйледі: «Франция ауыл шаруашылығы саласындағы көшбасшылардың бірі. Біз ноу-хау, жаңа технологиялармен бөлісе аламыз. Қазақстанда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Территориясы ауқымды мемлекеттердің қатарында. Сондықтан екі ел арасындағы ынтымақтастығымыздың перспективасы зор. Мына шараға Қазақстан мен Франция компаниялары қатысуда. Олар ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға қол жеткізу, сондай-ақ аграрлық саланың өнімділігі мен тиімділігін одан әрі ұлғайту ісінде бірлесе жұмыс істейді деген сенімдеміз, әрі оған цифрландыруды айқын ықпал етеді».
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов: «Франция елінің технологиясын зерттеп, тиімдісін пайдалануға Қазақстан мүдделі», - деді. Өз сөзінде екі ел арасында ынтымақтастықты арттырып, бірге нәтижелі жұмыс істеу мәселесінің жан-жақты талқыланып жатқанын айтты.
Айта кету керек, бүгінде еліміздің аграрлық секторында бірқатар шаралар атқарылуда. Экологиялық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, өнімділікті, өнім сапасын және өндірістің экономикалық тиімділігін арттыру үшін агротехнологиялар белсенді түрде қолданылуда.
«Цифрландыру мәселесі ауыл шаруашылық саласы үшін аса маңызды. Біз француз серіктестерімен бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылық танытамыз, өзіміздің де бөлісетін тәжірибеміз бар. Экономиканы дамытамыз десек, ІТ шешімдерсіз жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл қай саланы болмасын шығындарын азайтып, табысты өсірудің қолайды әдісі. Сондықтан француз әріптестерімізбен ұзақ мерзімді трендтерге икемделген және тұрақты қарастырып жатырмыз», - деді өз сөзінде «Aitas group» компаниясының бас директоры Серік Толықбаев.
Қазақстандық кәсіпкер Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша жаңа технологияларды енгізу өндіріс тиімділігін ғана арттырып қоймай, түсімнің өзін 20-30% арттыруға ықпал етеді. «Цифровизацияға ерте ме, кеш пе бәріміз келеміз. Бүгінде онсыз даму жоқ. Өндіріс орындары, кәсіпкерлер өнімнің құнын төмендетіп, пайданы өсіретін ІТ технологиялар екендігін түсінуі керек».
Франция компаниялары еліміздегі ауыл шаруашылығын дамыту үшін өз технологияларымен бөлісуге даяр екендігін жеткізді. «Біз Қазақстан компанияларымен бірге жұмыс істеуге мүдделіміз. Мысалы, біздің компания қызметімен Азия, Африка елдері пайдаланады. Дата мәліметтер арқылы ауыл шаруашылығында шығынды қысқарта аламыз», - дейді Паскаль Вензак Weather Force метео-компаниясының құрылтайшысы.