PPF Group N.V. басшысы және Home Credit Bank ірі акционері, чех кәсіпкері Иржи Шмейц Қазақстандағы банктің мажоритар иесіне айналды. Бұл өзгеріс Булат Өтемұратов бақылауындағы ForteBank-тің осы банкті сатып алу жоспарымен байланысты болуы мүмкін. Бұл туралы қаржы институты AIX биржасына хабарлады.

«Home Credit Bank акционерлер құрамының өзгергенін хабарлайды. 2025 жылғы 20 және 22 тамызда Иржи Шмейц бірқатар дауыс беруші акцияларды сатып алды. Нәтижесінде Шмейцтің үлесі 34,7%-дан 90,1%-ға өсті», – делінген хабарламада.

Акционерлер құрамының жаңа құрылымы былай көрсетілген:

  • Иржи Шмейц – 90,09744913% дауыс беруші акциялар;
  • PPF Financial Holdings a.s. – 9,90255087% дауыс беруші акциялар.

KASE деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 шілдеде банктің 34,7% акциясы PPF Group N.V. ірі акционері Иржи Шмейцке, 9,9% – PPF Financial Holdings a.s.-ке, ал 55,4% – PPF Group N.V. және Home Credit тобының алты топ-менеджеріне тиесілі болған.

Меншік құрылымындағы өзгерістерге қарамастан, банктің түпкілікті акционері бұрынғыдай PPF Group болып қала береді.

2025 жылғы 27 маусымда ForteBank Home Credit Bank (Қазақстан) акцияларының 100%-ын сатып алу жоспары бар екенін хабарлады.