Қазақстандық лоукостер FlyArystan ата-ана қамқорлығынсыз қалған ерекше қажеттіліктері бар балаларға жан-жақты оңалту көмегін көрсетуге бағытталған «Үміт» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру үшін «Территория успеха» қоғамдық бірлестігіне қаржылық қолдау көрсетті.
«Мұндай жобаларды қолдау – біздің корпоративтік жауапкершілігіміздің ажырамас бөлігі. Біз үшін бұл көмектің бір реттік емес, жүйелі сипатта болғаны аса маңызды. Осы ретте Komek әлеуметтік бағдарламасына ерекше назарымызды аударамыз. Бұл бағдарлама аясында бірінші топтағы мүгедектігі бар жандар мен олармен бірге жүретін тұлғаларға әуебилеттеріне жеңілдік ұсынылады. Мұндай қолдау олардың еліміздің әртүрлі өңірлерінде медициналық, білім беру және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, «Жүрек орталығы» қоғамдық қорымен бірлескен жоба шеңберінде біз дәрігерлердің өңірлерге әуебилеттерімен қамтамасыз етіп келеміз. Біз адамдардың өмірінде нақты өзгеріс әкелетін, олардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, өз-өзіне деген сенімін арттыратын және аса қажет сәттерде қолдау көрсете алатын ұзақ мерзімді стратегия құруға ұмтыламыз», — дейді «FlyArystan» АҚ Президенті Ричард Леджер.
Балалардың церебралды сал ауруына (ДЦП) шалдыққан жағдайында кешенді оңалтуға бағытталған «Үміт» жобасы емдік дене шынықтыру жаттығуларын, остеопаттар, массаж мамандары, логопедтер және өзге де бейінді мамандардың қызметін қамтиды. Бұл бастама балаларға қалпына келтіру емін ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік бейімделу және базалық білім алу мүмкіндіктерін ұсынады.
«Аталған жоба 2024 жылдың қазан айында іске қосылды. FlyArystan компаниясымен «Үміт» бастамасы бойынша бірлескен жұмысымызды биылғы жылдың наурыз айында, мейірім мен жәрдем уақыты – қасиетті Рамазан айында бастадық. Әуекомпанияның қолдауымен біз церебралды сал ауруы диагнозы қойылған балалар тобына сапалы әрі кешенді оңалту шараларын ұйымдастыра алдық. Бұл тек медициналық және физикалық көмекті ғана емес, сонымен қатар балалардың бейімделуіне, коммуникациялық дағдыларын дамытуға және өз-өзіне сенім қалыптастыруға бағытталған сүйемелдеуді де қамтыды. FlyArystan сынды ірі серіктестермен ынтымақтастық – расымен де инклюзивті, әрі қамқор қоғам құруға серпін беретін маңызды қадам деп сенеміз», — дейді «Территория успеха» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрайымы Рымгүл Утепова.
2024 жылы да әуекомпания «Территория успеха» ұйымына демеушілік көрсеткен болатын. Атап айтқанда, айтрекер арнайы құрылғыларын сатып алуға көмектесті. Көз қозғалысын бақылау арқылы жұмыс істейтін бұл инновациялық құрылғылар сөйлеу және қимыл-қозғалыс қабілеті ауыр бұзылған жандарға цифрлық сервистерді басқаруға мүмкіндік береді. Айтрекер көптеген балалар мен ересектер үшін толыққанды қарым-қатынас пен дербестікке бастар «көпірге» айналды.