FlyArystan қытайлық блогерлерге Қазақстанның туристік әлеуетін таныстырды

FlyArystan қытайлық блогерлерге Қазақстанның туристік әлеуетін таныстырды

FlyArystan әуекомпаниясы Алматы қаласы мен Маңғыстау облысының туризм басқармаларының қолдауымен қытайлық тревел-блогерлерге, туристік агенттіктер мен туроператорларының өкілдеріне арналған таныстыру турын ұйымдастырды. Жоба Қытай нарығында Қазақстанның туристік бағыттарын насихаттауға бағытталған. Жобаның Алматы қаласындағы серіктесі Kite Travel туроператоры болды.

4-7 шілде аралығында қытайлық инфлюенсерлер мен туристік сала өкілдерінен құралған екі топ бір мезгілде еліміздің екі өңіріне – Алматы қаласы мен Маңғыстау облысына саяхат жасады. Бірнеше күн ішінде олар Қазақстанның бірегей табиғатымен, мәдени мұрасымен және заманауи инфрақұрылымымен танысты.

Маңғыстау облысында топ Жығылған мүйісін, Сұлтан Епе және Шақпақ ата жерасты мешіттерін, Торыш алқабын, Шерқала мен Айрақты тауларын, Қызылқұп шатқалын, сондай-ақ әйгілі Бозжыра үстіртін аралады.

Сонымен қатар жеті қытайлық инфлюенсерден құралған екінші топ Алматы өңірінің танымал туристік орындарын аралады. Бағдарлама аясында олар Шымбұлақ тау курортына, Көктөбеге, Көлсай және Қайыңды көлдеріне, Шарын шатқалына, Huns этноауылына, Bizdin Auyl кешеніне, Oi-Qaragai тау курортына және Көк базарға барып, жергілікті асхана, мәдениет пен дәстүрлермен танысты.

Блог-турға қатысушылардың жалпы аудиториясы 13,5 миллионнан астам оқырманды құрайды. Сапар барысында авторлар фото және бейнематериалдар түсірді. Олар кейіннен Қытайдың ең ірі әлеуметтік желілерінде, соның ішінде RedNote (Xiaohongshu), Douyin және Weibo платформаларында жарияланады.

«Қытай Қазақстан үшін негізгі кірме туристік нарықтардың бірі болып қала береді. Цифрлық контент авторларымен серіктестік шетелдік туристерге елімізге саяхаттаудың шынайы тәжірибесін көрсетіп, Қазақстанның танымалдылығын арттыруға және жаңа бағыттарға қызығушылық қалыптастыруға мүмкіндік береді. Блогерлердің жеке тәжірибесі мен шынайы әсерлері арқылы біз Маңғыстаудың ерекше табиғи ландшафттарынан бастап Алматының тау курорттарына дейінгі өңірлеріміздің сан қырлы мүмкіндіктерін таныстырамыз», — дейді FlyArystan маркетинг және коммуникациялар жөніндегі директоры, Жанар Жайлауова.

Блог-тур FlyArystan компаниясының Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын дамыту жөніндегі бастамаларының бір бөлігі болды. Бүгінде әуекомпаниясы Алматы – Сиань, Астана – Үрімші, Ақтау – Үрімші және Алматы – Инин (Құлжа) бағыттары бойынша тікелей рейстерді орындап, екі ел арасындағы туристік және іскерлік байланыстардың дамуына ықпал етуде.