FlyArystan Қытайдағы бағыттар желісін кеңейтуде: Сиань қаласына алғашқы рейс орындалды

FlyArystan Қытайдағы бағыттар желісін кеңейтуде: Сиань қаласына алғашқы рейс орындалды

FlyArystan Алматы – Сиань – Алматы халықаралық бағыты бойынша алғашқы рейсін орындап, осы бағытта тікелей әуе қатынасын ашқан Қазақстандағы алғашқы әуекомпаниясы атанды. Жаңа бағыт Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасын нығайтып, жолаушыларға Қытайдың ең ірі тарихи әрі көлік орталықтарының бірі – Сиань қаласына қолайлы қатынауға мүмкіндік береді.

Жаңа бағыттың ашылуына орай Алматы Халықаралық әуежайында FS7865 алғашқы рейсінің жолаушыларына арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Ал FlyArystan әуе кемесін Сиань Сяньян Халықаралық әуежайында авиациялық дәстүрге сай су бұрқамасымен қарсы алды.

Алматы – Сиань бағыты бойынша рейстер аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері орындалады. Алматыдан ұшу уақыты – 21:25, ал Сианьға келу уақыты – келесі күні жергілікті уақыт бойынша 04:50. Кері бағыттағы рейстер сәрсенбі және сенбі күндері орындалып, Алматыға сағат 08:20-да келіп қонады. Ұшу ұзақтығы Сиань бағытына – 4 сағат 25 минут, ал кері бағытта – 5 сағат 30 минутты құрайды.

Жаңа бағытты Алматы тұрғындарымен қатар Астана, Шымкент, Қарағанды, Түркістан, Семей және әуекомпанияның бағыттар желісіне кіретін басқа да қалалардың жолаушылары Алматы арқылы ыңғайлы түйісу рейстері арқылы пайдалана алады. Кері бағытта Сиань қаласынан Алматы арқылы Астана, Орал, Семей және Қарағанды қалаларына қолайлы түйісетін рейстер қолжетімді. Бағытқа байланысты күту уақыты 2 сағаттан 6 сағатқа дейін созылады.

Сиань – Қытайдағы ең танымал туристік бағыттардың бірі әрі елдің ірі көлік тораптарының бірі. Жоғары жылдамдықты теміржол желісі мен ішкі әуе қатынасының жақсы дамуының арқасында жолаушылар Бейжің, Шанхай, Чэнду, Гуанчжоу және Қытайдың ондаған басқа қалаларына сапарын оңай жалғастыра алады. Бұл жаңа бағытты Қытайдың орталық және шығыс өңірлеріне апаратын ыңғайлы қақпаға айналдырып, екі ел арасындағы туризм, мәдениет және іскерлік байланыстардың одан әрі дамуына ықпал етеді.

Билеттерді FlyArystan мобильді қосымшасы, әуекомпаниясының ресми сайты және басқа да қолжетімді сату арналары арқылы сатып алуға болады.