FlyArystan әуекомпаниясы Қазақстанды шетелдік саяхатшылар арасында танытуға бағытталған халықаралық коммуникациялық науқан аясында жаңа имидждік бейнероликті таныстырды.
Бейнероликте Қазақстанның сан қырлы келбеті оның әсем табиғаты, тарихи-мәдени мұрасы, ұлттық тағамдары, заманауи қалалары және қазақ халқына тән қонақжайлығы арқылы көрініс табады. Жобаның негізгі мақсаты – бай этномәдени мұрасы мен заманауи өмір салты үйлесім тапқан Қазақстанды саяхаттауға, жаңа әсерлер мен тың жаңалықтарды ашуға мүмкіндік беретін бірегей ел ретінде таныстыру.
Науқан FlyArystan әуекомпаниясының негізгі халықаралық нарықтарында, атап айтқанда Қытайда, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Таяу Шығыс, Орталық Азия және Кавказ елдерінде, сондай-ақ әуекомпанияның халықаралық бағыттар желісіндегі өзге де елдерде жүзеге асырылады.
«FlyArystan әуекомпаниясының халықаралық бағыттар желісі кеңейген сайын, біз Қазақстанды әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшылар үшін бұрынғыдан да қолжетімді етіп келеміз. Әрбір жаңа халықаралық рейс елімізге келетін туристер ағынының артуына, іскерлік және мәдени байланыстардың нығаюына, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық деңгейде танымал болуына ықпал етеді. Бұл бастама Air Astana тобының халықаралық қатысу аясын кеңейтуге және Қазақстанды жаһандық деңгейде ілгерілетуге бағытталған ұзақ мерзімді Going Global стратегиясын қолдайды», — дейді «FlyArystan» АҚ Президенті және бас атқарушы директоры Йохан Эйдхаген.
2026 жылғы маусымнан қазан айының соңына дейін FlyArystan әуекомпаниясының халықаралық бағыттар желісі жеті елдегі 25 бағытты қамтиды және кеңеюін жалғастыруда. Биыл ғана әуекомпания Сиань, Үрімші, Батуми, Алания, Самарқан, Үргеніш және Ыстықкөлге жаңа рейстерді іске қосып, Қазақстан мен жақын маңдағы маңызды өңірлер арасындағы қолжетімді әуе қатынасын кеңейтті. Халықаралық бағыттар желісінің дамуының арқасында шетелдік саяхатшылар Қазақстанды туризм, бизнес және мәдени алмасу үшін тартымды бағыт ретінде танып-білуге мүмкіндік алуда.
Бейнеролик FlyArystan әуекомпаниясының ресми YouTube арнасында қолжетімді.