Елімізде жол-көлік оқиғасын (ЖКО) полиция қызметкерлерін шақырмай-ақ, тез рәсімдеудің жаңа әдістері енгізілді. ЖКО-ны www.dtp.kz сайты немесе қосымшасы арқылы тіркесе, сақтандыру компаниясынан шығынды небары 5 күн ішінде алуға болады. Бұл туралы «Freedom Insurance» СК» АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаев мәлімдеді.

Оның сөзінше, «Еурохаттама» деп аталатын жаңа сақтандыру тетігінің арқасында құзырлы органдарды шақырмай-ақ, жол апатын онлайн, заң аясында өз бетінше рәсімдеуге болады. Бұл үрдіс 15-20 минут уақытты алады.

«Бұрын жүргізушілер жол-көлік оқиғасынан кейін сақтандыру төлемін үш айға дейін күткен болса, қазір қосымшаның көмегімен қаражат картаға 5 күн ішінде түседі», — деп атап өтті Азамат Керімбаев. 

Жалпы, жол оқиғасын «Еурохаттама» әдісімен рәсімдеудің өзіндік шарттары бар. Атап айтсақ, бұл жағдай тек екі көлікке қатысты болуы керек. Сонымен қатар, адам денсаулығына еш шығын келмеуі тиіс. Екі тараптың мәселені мұндай тәсілмен шешуге ниеті болғаны абзал. Бұған қоса, көлік иелерінің сақтандыру құжаты болуы керек. Ал сақтандыру сыйлықақысы автокөлікке келген залалдың тек 100 АЕК, яғни, 369 200 теңгеге дейінгі (2024 жылғы АЕК көлемі бойынша) шегін қамтиды.

Еурохаттама елімізде осы жылдың бірінші қаңтарынан бастап енгізілді. Мамыр айында Заңға жол қозғалысына қатысты өзгерістер жасалды. Осы уақытқа дейін мұндай заманауи әдіспен сақтандыру түйткілін шешкендер саны он мыңға жуықтаған. Алайда, қазақстандық жүргізушілер жаңашылдыққа көп сене бермейді, дейді мамандар.

Азамат Керімбаевтың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 200 мың ЖКО орын алады. Оның 40%-ы еурохаттама әдісімен рәсімдеуге келетін жеңіл оқиғалар. Алайда, жүргізушілердің бұл тәсілді білмеуінен олар жол бойында сағаттап тұрады. Сондай кезде көшелердегі көлік жүрісі кешеуілдеп, 30-70%-ға дейінгі деңгейдегі кептеліс пайда болады. Мәселен, Алматының кептелісінің өзінен қала экономикасына күнделікті келетін шығын – 2 млн теңге, дейді спикер.

БҰҰ зерттеуінің мәліметі бойынша, қазіргі уақытта жер тұрғындарының 55%-ы қалаларда тұрады. Ал 2050 жылға қарай адамдардың 70%-дан астамы жарты миллион және одан жоғары халқы бар қалаларда тұратын болады.

Осы орайда, бастамашыл топ қатысушылары smart city технологияларын еліміздің ірі мегаполисіне тез арада енгізуге шақырып отыр. Олар Алматы қаласын смарт қалаларды дамытудың үздік үлгісі бола алады деп есептейді.