Қазақстан Ұлттық Банкі «Цифрлық теңге» пилоттық жобасының жүзеге асырылу барысын талқылау үшін қаржы нарығына қатысушы тараптармен кезекті кездесуін өткізді. Пікірталасқа Қазақстан Қаржыгерлер қауымдыстығының, екінші деңгейлі банк өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысты.

Кездесу аясында жобаның қазір қандай деңгейде жүзеге асырылып жатқаны, соның ішінде Ұлттық Банктің цифрлық валютаны әзірлеуде технологиялық архитектура мен әлемдік трендтерді қалай қолданып жатқаны таныстырылды.

Технология мен төлем жүйесі қатар дамып жатқанын ескерсек, цифрлық теңге қолданыстағы қолма қол және қолма қол емес төлем жүйелеріне  қосымша ретінде жаңа төлем инфрақұрылымы бола алатындай әлеуеті бар. Цифрлық теңгені енгізе отырып, төлем қызметі нарығындағы бәсекені арттыруға, қаржы технологиясын дамытуға жаңаша серпін беруге, сондай-ақ, аймақтардағы қаржы қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік туады.

Талқылау барысында цифрлық валюта қаржы тұрақтылығына қалай әсер етеді деген, тұтынушылар үшін төлем жасау қаншалықты ыңғайлы болатыны, сондай-ақ, тәуекелдерді төмендетудің жолдары қандай деген мәселелер талқыланды. Қаржы нарығының қатысушылары мүдделі тараптардың барлығын тәжірибеде қолдануға болатын шешімдерді іздеу үшін сауалнама мен сұхбаттасудан өтуге шақырды. Пилоттық жобаға нарықтағы тараптардың барлығы шектеусіз қатыса алады. Қазіргі таңда «Цифрлық теңге» пилоттық жобасын жүзеге асыруға екінші деңгейлі 3 банк қатыса бастады.

Қазақстан Ұлттық Банкі қаржы нарығындағы тараптар мен қоғам арасында жобаның нәтижелерін талқылап, сол талқылау нәтижесін жариялап отырады.

Ұлттық цифрлық валюта – бұл Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің цифрлық нысанда ұсынылған міндеттемесі болып табылатын ақша қаражатының перспективалы нысаны. Цифрлық теңге заңды төлем құралы, құн өлшемі және жинақ құралы болып табылады. Платформаны іске асыру үшін қаржы нарығының қатысушылары төлем сервистерін көрсететін, ал Ұлттық Банк инфрақұрылымды қамтамасыз ететін екі деңгейлі архитектура болжанған.

 

 

Цифрлық теңгені шығару бойынша шешім қабылдау үшін ең алдымен цифрлық валюта шешетін міндеттерді анықтай отырып, оның пайдасы мен зиянын, ақша-кредит саясатына әсерін, қаржы тұрақтылығын және төлем экожүйесін, оны шығару және тарату әдісін, қолданылатын технологиясын жан-жақты зерттеу қажет.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бұл жұмысты қаржы нарығының қатысушыларымен, сарапшылар қоғамдастығымен және халықаралық әріптестермен бірлесіп жүргізуді жоспарлап отыр.

2021 жылғы мамырда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің зерттеу баяндамасы көпшілік талқылауға жарияланды.