ЦентрКредит Банкі EBRD-дің (Еуропалық қайта құру және даму банкі, ЕҚДБ) Trade Facilitation Programme Award сыйлығын иеленді. Банк «2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең белсенді эмитент банк» номинациясының жеңімпазы атанды. Марапат EBRD-дің Рига қаласында өткен 35-ші жыл сайынғы отырысы мен бизнес-форумы аясында табысталды.
Бұл аталым бойынша жеңімпаз TFP бағдарламасы аясында жүзеге асырылған кепілдік транзакциялардың санына қарай анықталады. Демек, ЦентрКредит Банкі аталған бағдарлама шеңберінде сауданы қаржыландыру операцияларын ең көп жүзеге асырған қазақстандық банк ретінде танылды. Атап айтқанда, банк клиенттердің сыртқы сауда келісімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құжаттамалық аккредитивтерді, төлем кепілдіктерін және өзге де қаржы құралдарын белсенді түрде ұсынып келеді.

«Бұл марапат халықаралық қаржы институттарының бізге деген сенімін білдіреді әрі командамыздың клиенттердің сыртқы сауда қызметін дамытуға қосқан үлесінің нәтижесін көрсетеді. Біз қазақстандық кәсіпкерлердің шетелдік серіктестермен сенімді жұмыс істеуіне және жаңа нарықтарға шығуына жағдай жасау үшін сауданы қаржыландыру мүмкіндіктерін одан әрі кеңейте береміз», – деді ЦентрКредит Банкі вице-президенті Нұрлан Шегебаев.
ЕҚДБ-ның Trade Facilitation Programme бағдарламасы қазақстандық компаниялардың шетелдік контрагенттермен жұмыс істеу кезінде кездесетін тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында ЕҚДБ халықаралық растаушы банктерге кепілдік беру арқылы төлемнің жүзеге аспауына байланысты коммерциялық және саяси тәуекелдерді өз мойнына алады. Соның арқасында кәсіпкерлер экспорттық және импорттық операцияларды тиімдірек шарттармен жүргізіп, жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігіне ие болады.
ЦентрКредит Банкі халықаралық есеп айырысу және сауданы қаржыландыру бағытындағы қызметтерін тұрақты түрде жетілдіріп келеді. Осылайша банк қазақстандық бизнестің шетелдік серіктестермен өзара байланысын нығайтып, сыртқы нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етуде.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 03.02.2020 жылғы №1.2.25/195/34 лицензиясы.