ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова өткен жылдың басты қорытындысымен және қаржы нарығындағы оқиғалармен, сондай-ақ биыл әлемдік нарықтарда ахуалдың даму барысы жайлы болжамдармен бөлісті.
2023 жылы валюта нарығындағы ахуал теңгерімді болды. Жыл қорытындысы бойынша мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан теңге бағамы 454,69 деңгейіне дейін 1,7%-ға нығайды.
Былтыр валюта нарығында ұлттық валютаның нығаю үрдісі басым болды. Ұлттық қордан шетел валютасын сату, депозиттерді долларландыру деңгейінің төмендеуі және бейрезиденттердің ҚР Мемлекеттік бағалы қағаздарына салған салымдарының ұлғаюы теңгеге r-көмектесті.
Жыл қорытындысы бойынша Ұлттық қордан трансферт бөлу және ішкі валюта нарығында квазимемлекеттік сектор акцияларын сатып алу операцияларын жүргізу нәтижесінде 9,5 млрд АҚШ долларына активтер сатылды. Сонымен бірге валюталық интервенциялар жүргізілмеді.
Ұлттық Банк валюталық саясатта ырықтанған валюталық саясат қағидаттарын ұстануды және қандай да бір шектеулердің болмауын қамтамасыз ететін еркін бағам белгілеуді ұстанады. Осымен бірге, өзгермелі айырбастау бағамы режимін одан әрі нығайту мақсатында қадамдар жасалып жатыр.
Валюта нарығындағы теңгерімді ахуал аясында Үкімет квазимемлекеттік сектордың валюталық түсімін міндетті түрде сатуды өткен жылғы тамызда жойды. Бұл да валюта нарығын ырықтандыруға ықпал етеді.
Қазіргі уақытта нарықтық сұраныс пен ұсыныс қозғалысы нәтижесінде қолайлы жағдай қалыптасуда. Яғни, теңгенің қалыпты екі жақты құбылмалылығы нарыққа өз бетінше теңгерім табуға мүмкіндік береді. Ұлттық қордан трансферттерді конвертациялауға келетін болсақ, олар тұрақты сипатта және нарықтық ұсыныстың тұрақты бөлігі болып табылады. Олардың көлемі бюджет заңнамасында алдын ала бекітілген және нарыққа түсінікті.
2023 жылдың қорытындысы бойынша алтын-валюта қоры, жалпы алғанда, бір жылда 900 млн долларға жуық ұлғайып, 36 млрд долларды құрады.
2023 жылдың соңында Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі 60 млрд АҚШ долларын құрап, бір жылда 4,3 млрд АҚШ долларына ұлғайды. Негізінен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша кірістілік 11,4% болған кезде 6,2 млрд АҚШ долларын құраған инвестициялық кірістің арқасында өсті. Өткен жылдың нәтижесі – Ұлттық қордың бүкіл тарихында абсолюттік, сол сияқты пайыздық мәнінде рекордтық нәтиже. Активтердің барлық негізгі сыныптары өсті, оның ішінде акциялар нарығында айтарлықтай қалпына келу байқалды. Мәселен, 2023 жылы акциялар портфелінің кірістілігі 25%-ға жуық болды.
Осылайша, 2022 жылы қорды теріс қайта бағалау 2023 жылғы кірістілік есебінен толығымен өтелді. Бұл Ұлттық Банк ұстанатын ұзақмерзімді инвестициялау қағидатын қатаң сақтау нәтижесінде мүмкін болды.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке алудың жалпы көлемі былтыр 5,3 трлн теңге болды. Кепілдендірілген және нысаналы трансферттен басқа Үкіметтің шешімі бойынша республикалық бюджетті қаржыландыру үшін 2023 жылғы қазан – желтоқсан аралығында Ұлттық қордың қаражаты есебінен жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акциялары сатып алынды.
Трансферт бөлу және акцияы сатып алу бойынша операцияларды жүзеге асыру мақсатында ішкі валюта нарығында 9,5 млрд АҚШ долларына активтер сатылды. Қалған бөлігі қорға теңгедегі түсімдер есебінен, сондай-ақ Ұлттық қордың теңгедегі шотындағы қалдық есебінен орындалды. Бұл ретте 2023 жылы қорға түсетін валюталық түсімдердің көлемі 7,5 млрд АҚШ долларын құрады.