Кейінгі он жылда Парламентті ұстауға кететін шығын тұрақты түрде артқан. 2024 жылғы республикалық бюджет туралы заң бойынша Парламент жұмысына жалпы 29 млрд теңге бөлінген. Бұны 148 депутатқа шаққанда 195 млн теңге болады. Ал 2015 жылы бір депутатқа жылына орта есеппен 70 млн теңге жұмсалған. Салыстырмалы бағамен алғанда өсім шамамен 30% болып отыр.
Осы кезеңде депутаттар саны да сәл қысқарып, 154-тен 148-ге дейін азайды. Бірақ жалпы шығындар инфляцияны ескергеннің өзінде 25% өскен.
Егер Сенат таратылып, Мәжіліс қазіргі құрамында (98 депутат) қалса, Парламент бюджеті шамамен үштен бірге азаяды. Бұл 2024 жылғы нақты көрсеткішпен есептегенде, 29 млрд теңгенің шамамен 10 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік береді.
Айта кетсек, бұл депутаттарға төленетін жалақы емес, оның ішіне Парламенттің жұмысы, Канцелярия, депутаттардан бөлек жалпы Парламенттің, яғни, онда жұмыс істейтін қызметкерлердің де шығыны кіреді.