Биыл экспорт азайып барады

Биыл экспорт азайып барады

Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен сауда көрсеткіштері 2025 жылы төмендей бастады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қаңтар–шілде аралығында тауар айналымы 16,2 млрд доллар болып, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,1% азайды.

Экспорт көрсеткіші

Осы кезеңде Қазақстаннан ЕАЭО елдеріне экспорт көлемі 11% төмендеп, 5,5 млрд долларды құрады. Импорт та бар болғаны 1,7% азайды. Нәтижесінде сауда теңгеріміндегі тапшылық тереңдей түсті: Қазақстан одақ елдерінен бұрынғыдай көбірек тауар сатып алып отыр.

Экспорттың жартысынан астамы шикі мұнай мен мұнай өнімдеріне (52,3%) тиесілі. Бұдан бөлек, негізгі салалар – рафинирленген мыс пен мыс қорытпалары (5,2%), радиоактивті элементтер мен изотоптар (3,9%), мыс кендері мен концентраттары (3,7%) және ферроқорытпалар (2,8%).

Импорт құрылымы

Қазақстанға келетін импорт ішінде жеңіл автокөліктер көш бастап тұр (4,4%). Сондай-ақ дәрі-дәрмек (3,3%), автокөлік бөлшектері мен кузовтары (шамамен 4,4% жиынтық үлесі) және телефон құрылғылары (2,1%) көптеп әкелінеді.

Сауда серіктестерінің үлесі

ЕАЭО ішіндегі негізгі әріптес – Ресей Федерациясы (88,9%). Қырғызстанның үлесі – 7,2%, Беларусь – 3,8%, Армения – 0,2%. Қазақстан экспортының жалпы бағыттарына көз жүгіртсек, негізгі серіктестер: Италия (21,6%), Қытай (18,6%), Ресей (10,2%). Импортта Қытай (29%) мен Ресей (28,8%) тең дәрежеде басым түсіп отыр.