Биыл автонесие 53% көбейіп, 1,2 трлн теңгеге жетті

Биыл автонесие 53% көбейіп, 1,2 трлн теңгеге жетті

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында автонесие нарығы бөлшек сегменттің ең серпінді бағытына айналды. Банктер осы кезеңде жалпы құны 1,2 трлн теңгеге автонесие рәсімдеп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 53% көп болды.

Соның нәтижесінде автонесиелердің халыққа берілген жаңа қарыздардағы үлесі 8,8%-дан 13,2%-ға дейін өсті. Банк секторының жиынтық портфелінде де автонесиенің үлесі 15,4%-ға жетті.

Жартыжылдық соңында автонесиелер бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі 15,8%-ды құрады. Бұл өткен жылғы деңгейден (19,7%) айтарлықтай төмен. Сарапшылар мұны бәсекенің күшеюімен және акциялы өнімдердің көбеюімен байланыстырады.

Елдегі көлік бағасының 11,1% қымбаттауы аясында орташа автонесие көлемі 6,3 млн теңгеден 6,7 млн теңгеге өсті. Орташа айлық төлем 110,7 мың теңгені құрады, бұл былтырғыдан 8,1% аз.

Жыл басынан бері банктерге түскен өтінімдер саны 2,9 млн-ға жетті (+54%). Нәтижесінде несиеге алынған көліктердің үлесі 36%-дан 59%-ға дейін көтерілді.

Мерзімі өткен қарыздардың үлесі жылдың басындағы 2,8%-дан 3,4%-ға дейін өскен. Дегенмен бұл жалпы бөлшек несиелендірудегі орташа деңгейден (3,8%) төмен.

Қазақстанда шығарылған көліктердің үлесі де артты – бірінші жартыжылдықта өндіріс көлемі 62 мыңнан 69,8 мыңға дейін өсті. Осылайша, отандық көліктердің тіркелген жалпы автопарктегі үлесі 8%-ға жетті.

Сарапшылардың пікірінше, үшінші тоқсанда автонесиелерге деген жоғары сұраныс сақталады. Алайда банктердің ұстанымы әртүрлі болуы мүмкін: бір бөлігі пайыздық мөлшерлемелерді көтеруді, енді бірі – керісінше шарттарды жұмсартуды жоспарлап отыр.