Бірнеше жерде жұмыс істейтін және жалпы алғанда айына 3 млн теңгеден (немесе жылына 36 млн теңгеден) көп табыс табатын қазақстандықтар енді жеке табыс салығын прогрессивті шкала бойынша төлейді. Мұндай азаматтар салық декларациясын тапсырып, жылына 36 млн теңгеден асатын сомадан 15% мөлшерінде салық төлеуге міндетті. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов мәлімдеді.

«Қазір бізде ЖТС мөлшерлемесі бірыңғай 10%. Келесі жылдан бастап ол 15% болады — жылдық табыс 36 млн теңгеге жеткенде жеке тұлға 15 пайыздық мөлшерлемеге ауысады. Егер адамның бірнеше табыс көзі болса, ол жауапкершілікті өз мойнына алады: табысы 36 млн теңгеден асып кетсе, ол жай ғана декларация тапсыруы керек. Оның табысынан 10% ұсталады, ал 36 млн теңгеден асқан сомадан қалған 5%-ды өзі қосымша төлейді. Яғни, бұл айына 3 млн теңге табыс деген есеп. Бұдан жоғары жалақы алатындар үшін салық мөлшерлемесі де сәйкесінше артады», — деді ол.

Жаңа Салық кодексі бойынша 2026 жылдан бастап ЖТС-тың прогрессивті шкаласы мынадай болады: 10% — 8 500 АЕК-ке дейінгі табысқа (2026 жылы 1 АЕК 4 325 теңге болса, 8 500 АЕК — 36 762 500 теңге); 15% — осы сомадан асатын табысқа.