Beeline иесі Қазақстанда такси қызметін ашады

Beeline иесі Қазақстанда такси қызметін ашады

Veon Ltd. компаниясы (Beeline Kazakhstan бренді иесі) алдағы 12 ай ішінде Қазақстанның бір қаласында такси және жеткізу қызметтерін іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Bloomberg.

Бұл — компанияның Beeline-ді цифрлық экожүйеге айналдыру стратегиясының бір бөлігі. Ол қаржы, білім беру, ойын-сауық және денсаулық сақтау салаларын біріктірмек.

Қазақстанда Veon қазірдің өзінде Simply платформасы арқылы қаржылық қызметтерді ұсынып отыр.

Айта кетсек, Veon бұған дейін OLX-тің қазақстандық бөлімшесін сатып алған еді, енді компания Kaspi.kz және Yandex Go-мен бәсекелес болуды көздеп отыр. Қазір Veon табысының 18%-ы цифрлық сервистерге тиесілі, ал мақсат — бұл үлесті үш жыл ішінде 50%-ға дейін арттыру.

Сонымен қатар компания Starlink-пен бірлесіп спутниктік мобильді байланыс қызметін іске қосуға дайындалып жатқанын хабарлаған едік. Бұл Beeline-ге Қазақстанның ең шалғай аймақтарында да байланыс қызметін ұсынуға мүмкіндік береді. Алты айдың ішінде компания дауыс байланысын ұсынуды бастамақ, ал хабарлама жіберу мүмкіндігі бірнеше ай ішінде қолжетімді болады.