Бүгінгі таңда әлемде исламдық қаржыландыру құралдарына деген сұраныс пен қызығушылықтың артқаны байқалады. Қазақстанда адамдардың көбі дәстүрлі қаржы құралдарын пайдаланбайды, өйткені бұл құралдар олардың діни сенімдеріне сәйкес келмейді. BCC Invest компаниясы оларға осындай шешім ұсынуға дайын. Биыл наурыз айында компания исламдық қаржыландыру қағидаттарының негізінде қызметін жүзеге асыратын Wardat al Hayat интервалдық инвестициялық пай қорын іске қосты. Naryk.kz-ке берген сұхбатында BCC Invest компаниясының Басқарушы директоры Руслан Зерилов Қор, оның басты артықшылықтары, құрылымы жайлы тарқатып айтып, болашақ жоспарларымен бөлісті.
— Руслан, Wardat Al Hayat қорын құру идеясы қалай пайда болды? Неге сіз осы нарыққа назар аударуды ұйғардыңыз?
— Исламдық қаржыландыру қағидаттарының негізінде инвестициялық қор құру идеясы капиталды сақтап, көбейту үшін олардың діни сеніміне сәйкес келетін құралдарды іздейтін клиенттердің нақты сұраныстарына жауап ретінде туындады.
Исламдық қаржы нарығы жаһандық деңгейде тұрақты өсім көрсетіп отыр. Сарапшылардың болжамына сай, 2027 жылға қарай оның көлемі 6,7 трлн АҚШ долларына жетеді. Осы әлемдік үрдістен Қазақстан да қалыс қалмайды.
Талдау халықтың едәуiр бөлiгi iс жүзiнде қаржы нарығына белсендi қатысудан шығарылғанын не болмаса оның мүмкiндiктерiн iшiнара ғана пайдалана алатынын көрсеттi, өйткенi қолжетiмдi құралдар олардың дiни ұстанымдарына сәйкес келмейдi.

Бүгінде Қазақстан халқының 70%-ға жуығы ислам дінін ұстанады, АХҚО мен Ислам даму банкі сарапшыларының бағалауынша, мұсылмандар саны 2,2 миллионға жуық. Бұл аудитория діни және әдеп нормаларын ескеретін арнайы әзірленген қаржы өнімдеріне мұқтаж. Біз нарықтық құралдарды исламдық қаржыландыру қағидаттарымен біріктіретін қор құрдық.
Біз исламдық қаржы нарығында алғашқы қатысушылардың бірі болудан ғана емес, жалпы оның дамуына үлес қосудан да үлкен әлеует көріп отырмыз. Біздің мақсатымыз – исламдық қаржы құралдарын басқа өнімдермен қатар қаржы нарығына орналастыру арқылы инвестициялық ландшафтың тең құқылы бөлігіне айналдыру. Бұл олардың діни сенімдері мен әдеп қағидаттарын ескере отырып, инвесторлардың көбі оларға қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біз сондай-ақ діни инвесторлар Қазақстанның заңнамасы мен қор нарығының инфрақұрылымы ұсынатын барлық артықшылықты, мүмкіндіктерді пайдалана алуы үшін және қорғалуы үшін исламдық қаржы құралдарын ұлттық қаржы жүйесіне ықпалдастыру аса маңызды деп санаймыз.
— «Wardat al Hayat» ИИПҚ дегеніміз не? Ол қалай жұмыс істейді (механикасы, құрылымы қандай)?
— Wardat al Hayat – бұл бір жағынан қолданыстағы нарықтық инфрақұрылымның аясында реттеуші талаптарға толығымен сәйкес келетін стандартты пайлық инвестициялық қор ретінде жұмыс істейтін инвестициялық қор. Екінші жағынан, оның айрықша ерекшелігі –исламдық қаржыландыру қағидаттарын ұстану.
Қордың инвестициялық саясаты шариғат нормаларына сәйкес қалыптастырылады. Операциялық қызмет те осы қағидаттарды сақтай отырып құрылған, ал сәйкес келуін қордың мүддесіне сай жұмыс істейтін бірегей сарапшылық институт – Шариғат байқау кеңесі қадағалайды.
Қор тек шариғат рұқсат еткен қаржы құралдарына ғана инвестиция салады, сөйтіп пайшылардың инвестициялық кіріс алуын қамтамасыз етеді. Біз консервативтік тәсілді ұстанамыз, сондықтан инвестициялық портфельдің негізі – сукук, ол шариғат нормаларына сәйкес келетін компаниялардың материалдық активтеріндегі немесе пайдасындағы үлесті білдіретін исламдық бағалы қағаздар. Сондай-ақ биржалық құралдар – тиісті компаниялардың акциялары, ETF және исламдық қаржыландыру талаптарына жауап беретін басқа да құралдар портфельдің құрамына кіреді.
Қордың пайлары Қазақстан қор биржасында (KASE) листинг алып үлгерді, бұл брокерлік шоттары бар инвесторларға кез келген жұмыс күні биржада пайларды еркін сатып алуға және сатуға мүмкіндік береді.
Бұдан басқа жыл қорытындысы бойынша таза пайда алған жағдайда, басқарушы компанияның шешімімен қор кірісінің бір бөлігін қайырымдылық мақсатқа бөлу жоспарланып отыр. Біз осы бастаманы іске асыру үшін беделді қайырымдылық қорларының бірімен серіктестік қарым-қатынас ресімдеуді аяқтап қалдық.
— Оның басты артықшылықтары мен қарапайым инвестициялық пай қорынан түбегейлі айырмашылықтары қандай?
Wardat al Hayat қорының негізгі артықшылықтары:
- Тәуекелі барынша аз құралдарға бағытталған консервативтік инвестициялық стратегия – бірінші кезекте Таяу Шығыс пен Оңтүстік шығыс Азия елдерінің сенімді эмитенттерінен сукук.
- Халықаралық практикадағы тәжiрибелi шариғат кеңесшiлерiнiң бақылауымен шариғат нормаларына толық сәйкестікте инвестициялау.
- Пәкістанның Бағалы қағаздар мен биржалар жөніндегі комиссиясында тіркелген Shariah Advisor мәртебесі бар, исламдық қаржыландыру саласында кеңінен танымал мамандар берген шариғаттық сәйкестік сертификаты бар.
- Тәуекел мен құралдарды бөлу қағидаттарына негізделген әртараптандырылған портфель.
- Нарықтық конъюнктураның өзгеруіне уақтылы ден қоюды қамтамасыз ететін активтерді кәсіби басқару.
- Тәуекелдің төмен және болжамды деңгейі сақталған кезде, валюталық депозит деңгейінен жоғары күтілетін кірістілік.
- Пай құнының өсіміне салынатын салықтан босату, бұл салық салу тұрғысынан инвестицияны тиімдірек етеді.
Қор дәстүрлі инвестициялық пай қорларынан бірқатар аспектілер бойынша түбегейлі ерекшеленеді:
- Инвестициялық қызмет шариғат нормаларының аясында ғана жүргізіледі, бұл қызметі ислам қағидаттарына сәйкес келмейтін ұйымдардың (банктер мен сақтандыру компанияларын қоса алғанда) дәстүрлі облигацияларына және бағалы қағаздарына салым салуға жол бермейді.
- Қордың жанында қор жұмысының барлық кезеңінде ислам құқығы нормаларының сақталуын бақылайтын тәуелсіз Шариғат байқау кеңесі жұмыс істейді.
- Пайда алған жағдайда кірістің бір бөлігі қайырымдылық көмекке бөлініп, садақа беріледі, бұл игіліктерді бөлудің исламдық қағидаттарына сәйкес келеді.
— Қордың стратегиясы қандай болады? Сіз қандай құралдарға, қандай мерзімге саласыз және басқа да параметрлері қандай?
— Қордың консервативтік стратегиясы бар және Таяу Шығыс пен Оңтүстік шығыс Азия елдерінің сенімді эмитенттерінен өз портфеліне көбінесе сукук сатып алуға бағдарланған.
Сукук портфелінің орташа ұзақтығы – 3-5 жыл.
Қор активтерін сыныптар бойынша модельдік бөлу: ~ 80% – сукук, ~ 20% – исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келетін биржалық құралдар (рұқсат етілген компаниялардың акциялары, сукук пен акцияларға ETF).
— Қордың инвестициялық саясатын реттеп отыратын Шариғат байқау кеңесі жайлы айтып берсеңіз. Кеңес мүшелері кім? Кеңес мүшелерінің сараптамасы дегеніміз не?
— Қордың жанынан танымал ислам ғалымдарынан, Орталық Азияда, Ұлыбританияда және АҚШ-та халықаралық жұмыс тәжірибесі мол ислам қаржысы саласындағы сарапшылардан тұратын Шариғат байқау кеңесі жұмыс істейді.
Кеңес мынадай үш негізгі функцияны орындайды:
- Шариғат нормаларына сәйкес келетін инвестициялық құралдарды талдау және іріктеу.
- Басқарушы компанияға ислам қаржысына байланысты мәселелер бойынша кеңес беру.
- Қордың ислам құқығы нормаларын сақтауын шариғат тұрғысынан қадағалау және бақылау.
Кеңес мүшелері:
Мүфти Ақжігіт Кокоев – ислам құқығында терең сараптама жасайтын тәжірибелі шариғат кеңесшісі. Ол әлемге әйгілі Даруль Улюм Карачи ислам университетін тәмамдап, шариғат ғалымы (Шахадат-уль-Альмия) біліктілігін алған.
Қазіргі таңда ол Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасында оқытушылық қызметті қоса атқарады және Қырғызстандағы Alhamd Shariah Advisory Services (Pvt.) Limited атқарушы директоры қызметін атқарады.
Мүфти Асджад Шоаиб Дарул Улюм Карачи ислам университетінде Дарс-е-Низами (алим курсы) бағдарламасын аяқтаған және ислам құқығы (фикха) саласында маманданған, мүфти біліктілігін алған.
Мүфти – AAOIFI (Бахрейн) аккредиттеген шариғат кеңесшісі және аудиторы (CSAA).
Ол Shariah Review Bureau-да шариғат аудиторы болып жұмыс істейді, жетекші қаржытех компанияларға, сондай-ақ робоадвайзинг және краудфандинг платформаларына аудит жүргізеді.
— Қор пайларын қайдан және қалай сатып алуға болады?
— Қор пайларын біздің басқарушы компания арқылы немесе KASE биржасына рұқсаты бар Қазақстанның кез келген брокерлік компаниясы арқылы сатып алуға болады.
Қордың пайлары KASE-де BCCIwah тикерімен сатылады.
Пайдың номиналды құны – 100 АҚШ доллары.
— BCC Invest компаниясының қорды одан әрі дамыту бойынша жоспарлары қандай?
— Болашақта біз қор бірлігін 100 доллардан 1 АҚШ долларына дейін қайта номиналдауды, осылайша бұл қорды халықтың неғұрлым кең ауқымына қолжетімді етуді жоспарлап отырмыз.
Біз осы қорды ілгерілету үшін мұсылман бизнес-қоғамдастықтарымен өзара іс-қимылымызды кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
Біз сондай-ақ индустрияны дамытып, шариғат нормаларына сәйкес келетін баламалы қаржылық шешімдерді ұсынуда синергетикалық әсер алу үшін исламдық қаржы саласында жұмыс істейтін басқа ұйымдармен ынтымақтастық орнатуда әлеует бар екенін сезіп отырмыз.
Осы сұхбатта берілген ақпарат инвестициялық ұсыным емес.
Олар туралы ақпаратты «BCC Invest» АҚ ұсынатын инвестициялық пай қорларының пайларымен операция жүргізбес бұрын осы ақпаратты алушылар аталған қаржы құралдарын сипаттайтын құжаттармен, инвестициялық декларациямен және инвестициялық пай қорының ережесімен танысуы қажет. Паймен операция жүргізу туралы шешім қабылдаған кезде, қаржы құралдарына инвестициялау күтілетін кірісті алмау, инвестицияланған қаражаттың бір бөлігін, тіпті барлығын жоғалту тәуекелін, ықтимал шығыс пен шығынды көтеретінін ескеру қажет. Пай құны көтерілуі немесе түсуі мүмкін. Бұрынғы инвестициялау нәтижесі болашақта кіріс әкелетінін айқындамайды. Мемлекет инвестициялық қорларға инвестиция салу кiрiс әкелетініне кепiлдiк бермейдi.
Қор туралы толық ақпаратпен мына жерде танысуға болады.