2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстанда орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,1 трлн теңге болып, 14,7% өсті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Құрылыс саласындағы ең жоғары серпін республикалық маңызы бар қалалар мен бірқатар өңірде байқалды. Алматы қаласы мен Астана, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары қарқынды өсім көрсеткен облыстар қатарына жатады. Бұл өңірлерде құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан.

Өсім қарқыны жоғары, бірақ алдыңғы топқа қарағанда біршама төмен өңірлер де бар. Бұл санатқа Қостанай, Павлодар, Ақмола, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан, Ұлытау облыстары кіреді. 

Бірқатар облыс көрсеткіші республика мәнінен төмен болды. Бұл топты шартты түрде екіге бөлуге болады. Болмашы өсім көрсеткен өңірлерге Қарағанды облысын жатқызуға болады – мұнда құрылыс көлемі іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Аздап өсім тіркелген өңірлер қатарында Батыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Маңғыстау облыстары және Шымкент қаласы бар. 

Атырау облысында құрылыс саласында кері динамика тіркелді. Бұл өңір республика бойынша теріс көрсеткіш көрсеткен жалғыз облыс болып отыр. Онда құрылыс көлемі 26,2% азайған.