ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізген талдау негізінде банк секторының жиынтық активтері 2021 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша шілде айында 0,1%-ға немесе 30,3 млрд теңгеге ұлғайып, негізінен банктік қарыздардың 1,8%-ға (295,4 млрд теңге) және басқа банктерде орналастырылған салымдардың 6,6%-ға (286,2 млрд теңге) өсуі есебінен 34, 8 трлн теңгені құрады.
Екінші деңгейдегі банктердің шамамен 12, 4 трлн теңгені немесе активтердің 35,8%-ын құрайтын жоғары өтімді активтерінің елеулі қоры бар. Өтімділік қоры банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Банк секторы міндеттемелерінің құрылымы негізінен банктердің жиынтық міндеттемелерінің 80,2%-ын немесе 24, 5 трлн теңгені құрайтын депозиттік портфельмен ұсынылған. Айналысқа шығарылған бағалы қағаздар және басқа банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар сияқты өзге де міндеттемелердің үлесі тиісінше 5,2%-ды және 1,9%-ды құрады.
01.08.2021ж. жағдай бойынша банк секторының жеткілікті капитал қоры бар: негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті – 20,2%, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті – 25%, бұл жүйе бойынша орташа алғанда белгіленген ең төменгі талаптардан айтарлықтай асып түседі.
Ағымдағы жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша банктер өткен жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткішімен салыстырғанда 80,5%-ға ұлғайып, 812,2 млрд теңге мөлшерінде таза пайда алды (01.08.2020ж. жағдай бойынша – 449,9 млрд теңге). 01.08.2021ж. банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 3,43%-ды (01.08.2020ж. – 3,56%), капитал рентабельділігі (ROE) – 27,58%-ды (01.08.2020ж. – 26,98%) құрады.
01.08.2021ж. жағдай бойынша банктердің кредиттеуінің жиынтық көлемі 2021 жылғы шілдеде 1,9%-ға ұлғайып, 16 трлн теңгені құрады.
Экономикаға ұлттық валютадағы кредиттер көлемі 2021 жылғы шілдеде 2,3%-ға, ал жыл басынан бастап 8,4%-ға – 12,7 трлн теңгеден 14,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер іс жүзінде өзгерген жоқ, жеке тұлғаларға 3,7%-ға ұлғайды.
Салалық бөліністе банктердің экономикаға кредиттерінің неғұрлым елеулі сомасы өнеркәсіп, оның жалпы көлемдегі үлесі – 14,2%, сауда - 10,9%, құрылыс - 3,3% және көлік - 2,8% сияқты салаларға тиесілі.
Халыққа ипотекалық кредит беру көлемі 2021 жылғы шілдеде 4%-ға ұлғайды, 2021 жылдың басынан бастап 2, 37 трлн теңгеден 2,7 трлн теңгеге дейін 14,5%-ға ұлғайды. Азаматтардың тұтынушылық мақсаттарына арналған кредиттер 2021 жылғы маусымда 4%-ға, 2021 жылы – 4,39 трлн теңгеден 5, 1 трлн теңгеге дейін 18,2%-ға өсті.
90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің үлесі кредиттік портфельдің жалпы көлемінде 4,8%-ды немесе 819,2 млрд теңгені құрап, 2021 жылғы маусымда 19,2 млрд теңгеге немесе 2,4%-ға ұлғайды. Жеке тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың деңгейі 4,4%-ды, ШОБ-ты ескере отырып, заңды тұлғалардың портфелінде – 5,4%-ды құрады.
Банктердің несие портфелінің жалпы көлеміндегі мерзімі өткен қарыздардың үлесі 7,5%-ды немесе 1, 2 трлн теңгені құрады. Бұл ретте 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттерді провизиялармен жабу деңгейі 73,2%-ды құрады.
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2021 жылғы шілдеде 0,3%-ға және 2021 жылдың басынан бастап 14,1%-ға ұлғайып, 25, 2 трлн теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 2021 жылғы маусыммен салыстырғанда 12,9 трлн теңгеге дейін 0,2%-ға ұлғайды (2021 жылдың басынан бастап 14,7%-ға ұлғайды), жеке тұлғалардың депозиттері 12,2 трлн теңгеге дейін 0,4%-а (2021 жылдың басынан бастап 13,5%-ға) ұлғайды.