Банк секторының активтері негізінен несие портфелінің 1,5%-ға немесе 438,5 млрд теңгеге төмендеуі есебінен ағымдағы жылғы қаңтарда 0,7%-ға немесе 0,4 трлн теңгеге азая отырып, 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 51,1 трлн теңгені құрады.
Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 15,3 трлн теңгені немесе активтердің 30,0%-ын құрады, бұл банктерге міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Банктердің меншікті капиталы ағымдағы жылғы қаңтарда 3,5%-ға 7,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,3%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,5%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір артық және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.
Банк секторының міндеттемелері 2024 жылғы қаңтарда жеке тұлғалар салымдарының 2,5%-ға 19,9 трлн теңгеге дейін төмендеуі нәтижесінде 1,4%-ға 44,0 трлн теңгеге дейін азайды (міндеттемелердің құрылымындағы үлес 45,3%).
2024 жылғы қаңтарда екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер 0,3%-ға 27,9 трлн теңгеге дейін, оның ішінде ұлттық валютада 0,1%-ға, 25,8 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 2,7%-ға 2,1 трлн теңгеге дейін негізінен теңгенің АҚШ долларына қатысты 1,5%-ға нығаюы аясында валюталық қайта бағалау нәтижесінде азайды. Нәтижесінде кредиттердің теңгемен үлес салмағы 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 92,3%-дан 92,5%-ға дейін ұлғайды.
Бизнес субъектілеріне берілген кредиттер 2024 жылғы қаңтарда 11 трлн теңгеге дейін 2,3%- ға төмендеді. Олардың құрылымындағы заңды тұлғаларға берілетін кредиттер 9,4 трлн теңгеге дейін 2,9%-ға төмендеген. Оның ішінде ШОБ субъектілеріне берілетін қарыздар 2,9%-ға 5,5 трлн теңгеге дейін, ірі бизнеске берілген қарыздар 3,0%-ға 3,9 трлн теңгеге дейін төмендеді. Төмендеу корпоративтік сектордағы кредиттік белсенділіктің маусымдық баяулауына, қолданыстағы кредиттерді жоспарлы өтеуге, сондай-ақ теңгенің АҚШ долларына нығаюы аясында валютамен берілген кредиттерді қайта бағалауға байланысты болды.
Бұл ретте дара кәсіпкерлерге берілген кредиттер 2024 жылғы қаңтарда 1,6%-ға 1,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
2024 жылғы қаңтарда дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне екінші деңгейдегі банктер 1,2 трлн теңге сомасына жаңа қарыздар берді, бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,9%-ға артық.
Халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы қаңтарда 1,1%-ға ұлғайып, 16,9 трлн теңгені құрады. Халыққа берілген кредиттердің өсуі ипотекалық кредиттеудің 0,5%-ға 5,3 трлн теңгеге дейін ұлғаюына, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 1,3%-ға 10,4 трлн теңгеге дейін өсуіне байланысты.
2024 жылғы қаңтарда ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі бизнес субъектілеріне қатысты 19,9%-ды (2023 жылғы желтоқсанда – 19,6%), халыққа қатысты 19,8%-ды (2023 жылғы желтоқсанда – 16,8%) құрады.
Кредит портфелінің сапасы тұрақты болып қалып отыр. 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар деңгейі (NPL 90+) несие портфелінің 2,9%-ын немесе 887 млрд теңгені құрады (2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 2,9% немесе 863 млрд теңге).
ШОБ-ты есептегенде заңды тұлғалардың портфелінде NPL90+ қарыздарының деңгейі 2,3%-ды немесе 285 млрд теңгені, жеке тұлғалардың портфелінде 3,6%-ды немесе 603 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 74,1%-ды құрайды (01.01.2024ж. – 76,0%).
Депозиттік ұйымдардағы резиденттердің депозиттері 2024 жылғы қаңтарда 2,5%-ға 33,8 трлн теңгеге дейін азайды. Заңды тұлғалардың депозиттері 2,6%-ға 15,4 трлн теңгеге дейін, жеке тұлғалардың депозиттері 2,5%-ға 18,4 трлн теңгеге дейін азайды. Депозиттердің төмендеуі маусымдық факторға, сондай-ақ валюталық депозиттердің қайта бағалануына байланысты болды.
Ұлттық валютадағы депозиттер 2024 жылғы қаңтарда 2,4%-ға 26,0 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 3,0%-ға 7,8 трлн теңгеге дейін төмендеді. Нәтижесінде 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша долларландыру деңгейі 2024 жылдың басындағы 23,2%-дан төмендеп, 23,1%-ды құрады.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2024 жылғы қаңтарда 14,3%-ды (2023 жылғы желтоқсанда – 14,6%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 14,0%-ды құрады (2023 жылғы желтоқсанда – 13,7%).
2024 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы 198 млрд теңге болды, бұл 2023 жылғы қаңтарға қарағанда 17,1%-ға көп. Банктік активтердің рентабельділігі (ROA) 2024 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 4,7%-ды (2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша – 3,8%), капитал рентабельділігі (ROE) 35,9%-ды (2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша – 31,3%) құрады.