Қарыз алушылардың ақшасы банктер белгілеген лимиттен жоғары көлемде есептен шығарылып отырылған, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Қадағалау органы банктердің азаматтардан олардың несиелері мен қарыздары бойынша артық ақша қаражатын ұстап қалу фактілерін анықтады.
Еңбек кодексінде (115-бап) және «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңында (23-бап) тиесілі жалақы мен зейнетақы сомасының 50%-ынан астамын өндіріп алуға тыйым салынған.
Алайда банктер («Kaspi Bank», «Еуразиялық банк», «Қазақстан Халық банкі», «Хоум Кредит энд Финанс Банк» АҚ) азаматтардың шоттарындағы ақшалай қаражаттарын бекітілген тыйымнан жоғары көлемде есептен шығарған.
Мысалы, «Kaspi Bank» АҚ Өскемен қаласы тұрғынының еңбекақы алуға арналған банктік шоты бойынша «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ға төлем талабын қойған.
Осы талап түскенге дейін жұмыс беруші алимент төлемдері үшін еңбекақының жартысын ұстаған болатын. Нәтижесінде, барлық ұсталынған сомалардан кейін оның есеп айырысу шотында небары 16 мың теңге (25%) қалған.
Сот шешімімен талапкердің пайдасына артық ұсталған сома өндіріліп алынды, бірақ ол үшін сот дауларына 9 ай уақыт кетті.
Осындай фактілер Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында анықталды.
Бұл проблема банктердің ақшалай қаражаттың банктік шотқа түскенге дейін жүргізілген атқарушылық іс жүргізу бойынша ұстаулардан хабардар болмауының салдарынан орын алуда.
Осындай әрекеттердің нәтижесінде қарыз алушылар өздерінің жалғыз табыс көзінен заңсыз айырылған, бұл халықтың наразылығын тудыруда.
Бас прокуратураның ұсынуы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі аталған проблеманы келесі шараларды қабылдау арқылы шешті:
- клиенттің өтініші негізінде банктердің және сот орындаушыларының артық төленген соманы 5 жұмыс күні ішінде қайтару алгоритмі қолданысқа енгізілді;
- Қазақстан банктерінің базасы атқарушылық іс жүргізу органдарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграцияланды.
Агенттіктің пікірінше, бұл банктерге барлық кредиторлардың еңбекақы немесе зейнетақыдан жалпы ұсталынған сомалардың заңда белгіленген 50%-дан аспауы үшін олардың клиентінен қандай шегерімдер жасалғанын көруге мүмкіндік береді.
Заңсыз өндіріп алу фактілері орын алған жағдайда азаматтар Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, оның аумақтық бөлімшелеріне немесе прокуратураға шағыммен жүгінуге құқылы.