Жыл басынан бері алтынның унциясы 50% қымбаттап, шамамен 4 мың доллар шегіне жетіп қалды. Бұл — тарихи максимумға жуық көрсеткіш. Астана уақытымен бүгін 09:45-те алтын бағасы 3997 долларға дейін барып, қазір 14:00 шамасында қайтадан 3974 долларға аздап төмендеді.

Инвесторлар арасында «алтынға FOMO» басталды

Financial Times мәліметінше, соңғы айларда нарықта классикалық FOMO (fear of missing out — «пайданы жіберіп алудан қорқу») байқалады. Яғни, алтын бағасының өсуі жалғасады деген үміт инвесторларды жаппай сатып алуға итермелеуде.

Экономикалық және геосаяси белгісіздік, инфляция мен валюталық тәуекелдер жағдайында алтын қайтадан «қауіпсіз актив» ретіндегі орнын күшейтті.

Алтын мен депозит: табыстылық салыстырмасы

Сарапшылар соңғы бес жылдағы нақты табыстылықты салыстырып көргенде, алтын мен теңгедегі депозиттер шамамен бір деңгейде екенін айтады:

Алтынның нақты табыстылығы — жылына 4,3%,

Депозиттің нақты табыстылығы — 4,1% (инфляцияны шегергенде).