2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда әлеуметтік салықты есептеу ережелері өзгерді. Билік салық мөлшерлемесін төмендетіп, оның әлеуметтік аударымдармен байланысын алып тастады, деп жазады Uchet.kz.

Ең басты өзгеріс — әлеуметтік салықтың біріңғай мөлшерлемесі. Енді ол бұрынғы 11%-дың орнына 6% құрайды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен қайта өңдеушілер үшін бұдан да төмен — 1,8% мөлшерлеме қарастырылған.

Жеке кәсіпкерлер (ЖК) мен жеке практикамен айналысатын адамдар үшін салық тіркелген мөлшерде есептеледі:

  • Өзі үшін – 2 АЕК;
  • Әр жұмысшы үшін – 1 АЕК.

Шаруа және фермер қожалықтары үшін мөлшерлемелер төменірек:

  • Өзі үшін – 0,6 АЕК;
  • Жұмысшы үшін – 0,3 АЕК.

Сондай-ақ, салық төлеушілердің бір бөлігі әлеуметтік салықтан толықтай босатылады. Бұл жеңілдік арнайы салық режимдері аясында жұмыс істейтіндерге, соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, оңайлатылған декларациядағы кәсіпкерлерге, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарына қатысты.

Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіруінше, бұл жаңа тәртіп салықты әкімшілендіруді жеңілдетіп, бизнеске түсетін салық жүктемесін азайтуға тиіс.