АХҚО қатысушылары Қазақстан азаматтарына көрсете алатын қаржылық қызметтердің тізімі кеңейтілді. Биыл 12 ақпанда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және «Астана» халықаралық қаржы орталығы «Валюталық реттеу қағидаларына және АХҚО-да жүргізілетін валюталық операциялар туралы мәліметтерді ұсынуға» қатысты өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. Өзгерістер мен толықтырулар 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ретроспективті түрде қолданылады.
АХҚО қатысушылары қазақстандық нарыққа көрсете алатын қаржылық және кәсіби қызметтердің тізбесі кеңейтілді. Атап айтқанда:
1. АХҚО қатысушыларының исламдық қызметтерін көрсету мүмкіндіктері кеңейтілді. Исламдық қаржыландыруды енді АХҚО ислам банктері ғана емес, АХҚО исламдық қаржы ұйымдары да (кез келген валютада) көрсете алады.
2. АХҚО қатысушылары агроөнеркәсіптік кешен және жол инфрақұрылымын салу саласында жұмыс істейтін азаматтарға (кез келген валютада) лизинг қызметтерін көрсетуге құқы бар.
3. АХҚО қатысушылары халықаралық қор нарықтарында бағалы қағаздар бойынша ғана емес, сонымен қатар инвестициялық қорлардың пайларын, тауарлық, туынды және карбондық құралдарды қоса алғанда, инвестициялардың басқа да түрлері бойынша брокерлік қызметтер көрсете алады (кез келген валютада)
4. АХҚО қатысушылары енді орталық контрагенттің есеп айырысуларына тікелей қол жеткізу болған жағдайда қазақстандық бағалы қағаздар бойынша брокерлік қызметтер көрсету мүмкіндігіне ие. Бұрын мұндай қызметтерді көрсету үшін қатысушының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензиясының болуы немесе «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ-да есеп айырысуларға тікелей қол жеткізуі қажет болатын.
5. АХҚО орталық депозитарийінің есеп айырысу-депозитарлық немесе кастодиандық қызметтері енді АХҚО биржасының ресми тізіміне енгізілген бағалы қағаздар бойынша ғана емес, сонымен қатар шетелдік бағалы қағаздар бойынша да көрсетілуі мүмкін.
6. Инвестициялар мен инвестициялық қорларды басқару процесі нақтыланды. Бұл қызметтерді басқарушы компаниялар көрсетеді:
- АХҚО биржасының немесе Қазақстан қор биржасының ресми тізіміне енгізілген АХҚО-да құрылған қорлардың бағалы қағаздарына инвестиция салатын ҚР азаматтары және заңды тұлғалары болып табылатын клиенттерге (инвесторларға) қатысты АХҚО қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитетінің лицензиясымен;
- АХҚО биржасының немесе Қазақстан қор биржасының ресми тізіміне енгізілмеген, АХҚО-да құрылған қорлардың бағалы қағаздарына инвестиция салатын ҚР азаматтары және заңды тұлғалары болып табылатын клиенттерге (инвесторларға) қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі лицензиясымен;
7. АХҚО қатысушылары инвестициялық краудфандингтік платформаны басқару шеңберінде (кез келген валютада) краудфандингтік қызметтер көрсете алады.
8. АХҚО қатысушылары криптобиржа, брокерлік, дилерлік және кастодиандық қызметтерді криптоактивтерді пайдалана отырып көрсете алады, сондай-ақ цифрлық активтері бар инвестицияларды басқара алады (кез келген валютада).
Валюталық операцияларды жүргізу тәртібіне қатысты негізгі толықтырулар мен өзгерістердің ішінде мыналарды ерекше атап өтуге болады:
1. АХҚО банктері (ислам банктерін қоса алғанда) енді ҚР Екінші деңгейлі банктерінде ұлттық әрі шетел валюталарында корреспонденттік шоттар аша алады;
2. Ислам банктерінің клиенттеріне төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу шарттары кеңейтілді. Енді ислам банктерінің клиенттері мұндай операцияларды тек исламдық қаржыландыруға байланысты қызметтер бойынша ғана емес, сонымен қатар клиент банктен қаржыландыруды тартқан басқа жобалар бойынша да жүргізе алатын болады;
3. АХҚО қатысушылары жарғылық капиталды Екінші деңгейлі банктер арқылы кез келген валютада және АХҚО банктері арқылы шетел валютасында толықтыруға құқы бар;
4. ҚР-да тіркелмеген және елде қызметін жүзеге асырмайтын Қазақстан азаматтары болып табылмайтындар арасында жүзеге асырылатын төлемдер мен ақша аударымдары бойынша сәйкестендіруші құжаттар әрі ақпараттың сұратуы бойынша (валюталық келісім, БИН, т.с.с) АХҚО банктеріне қойылатын талаптар алынып тасталды.
5. Енді шетел валютасын айырбастауды айырбастау операцияларын жүзеге асыруға лицензиясы бар АХҚО брокерлері мен дилерлері, сондай-ақ шетелдік банктер жүзеге асыра алады. Бұрын мұндай операцияларды АХҚО банктері ғана жүзеге асыра алатын.
АХҚО мен ҚР Ұлттық банкі арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл бөлігінде Ұлттық банкке есептер ұсыну көлемі мен мерзімдері түзетілді. Ережеге енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың толық мәтінімен сілтеме бойынша танысуға болады.
АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеттің бас директоры Нұрхат Көшімов: «Юрисдикциялар мен ұйымдар арасындағы қаржы ағындары адамдарға уақтылы және сапалы қызметтер алуға, бизнесті дамытуға, қаржыны тиімді басқаруға мүмкіндік береді, осылайша бүкіл елдің әл-ауқатын арттырады. АХҚО мен қазақстандық юрисдикцияның өзара іс-қимыл қағидаларына енгізілген соңғы өзгерістер мен түзетулер ел экономикасы әрі өңірдің дамуы үшін аса маңызды ресурстардың қозғалысын жеңілдете отырып, қаржылық қызметтер көрсету процестері және рәсімдеріне анағұрлым айқындық әрі болжамдылықты енгізуге көмектеседі».
Ережелер алғаш рет 2021 жылдың қарашасында қабылданған еді. Алайда, оларды іске асырудың екі жылында АХҚО қатысушылары мен органдары және Қазақстанның қаржы нарығы арасында кросс-юрисдикциялық мәселелер жиналып қалған болатын. Осы мәселелерді шешу үшін 2023 жылдың қаңтарында ережелерге өзгерістер мен толықтырулар әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының құрамына АХҚО, ҚР Ұлттық Банкі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кірді. Жұмыс тобының тұрақты кездесулері және нарық қатысушыларымен қоғамдық талқылаулар нәтижесінде реттеушілер осы жылдың 12 ақпанында қабылданған бірқатар түзетулер әзірледі.