ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова банктердің стрестік активтер деңгейін төмендету бойынша қадағалау жоспарларын орындауы және 2021 жылғы 5 айдағы активтер сапасын бағалау нәтижелері бойынша түзету іс-шаралары туралы айтып берді.

Экономика мен банк секторына қолдау көрсету бойынша дағдарысқа қарсы уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы екі жылда жұмыс істемейтін кредиттердің деңгейі 7,4%-дан 6,9%-ға дейін төмендеді. Жыл басынан бері банк жүйесі бойынша жұмыс істемейтін кредиттердің көрсеткіші жекелеген банктердің кредиттік портфельдеріне экономикалық белсенділік құлдырауының кейінге қалдырылған әсер етуінің нәтижесінде 6,9%-дан 7,6%-ға дейін аздап өсті. Жүйе бойынша жұмыс істемейтін қарыздардың 132 млрд теңгеге ұлғаюы жекелеген банктер бойынша провизиялармен 100% өтелген және банк секторына қауіп төндірмейтін NPL өсуімен байланысты болды.

Ағымдағы жылдың басынан бері банк секторы көрсеткіштерінің оң өсу серпіні сақталды. Банктердің активтері 5,9%-ға, банктердің экономикаға кредиттері 3,3%-ға өсті. Корпоративтік секторды кредиттеудің өсуі 0,8%-ды құрады, бұл банктерде шығындарды тану және жұмыс істемейтін кредиттерді есептен шығару процестерінің жалғасуына байланысты.

Агенттік реттеушінің қаржы нарығына қатысушылар үшін жүргізіп отырған қадағалау саясатының ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда. Бұл үшін Агенттіктің 2021 жылға арналған қадағалау саясатының негізгі басымдықтары алғаш рет әзірленіп, жарияланды, олар қаржы қоғамдастығымен алдын ала талқыланды және Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңес мақұлдады. Қаржы қоғамдастығымен қаржы секторын реттеу мен дамытудың өзекті мәселелерін талқылау бойынша тоқсан сайынғы кездесулердің кестесі бекітілді.

Бұған қосымша, ағымдағы жылы Агенттік банктердің нақты қаржылық жай-күйінің толық көрінісін алу үшін активтердің сапасын тұрақты бағалау және қадағалап стресс-тестілеу құралдарын енгізу арқылы қадағалау процесін жетілдіруді жоспарлап отыр. Активтердің сапасын бағалауды ағымдағы жылы Агенттік пен банктердің ақпараттық жүйелерін автоматтандыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру аяқталғаннан кейін оны жыл сайын бүкіл банк секторына қатысты жүргізе отырып, жекелеген банктер бойынша пилоттық режимде жүргізу болжанып отыр.

Банктерді қадағалау саласындағы заманауи және тиімді халықаралық практикаларды іске асыру мақсатында Агенттік банктердің тәуекелдерін бағалаудың статистикалық модельдері негізінде қадағалап стресс-тестілеу әдіснамасын кеңейтуді жоспарлап отыр. Қадағалап стресс-тестілеу экономиканы дамытудың стрестік жағдайларында банктер капиталының жеткіліктілігін бағалауға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы Агенттік қадағалап стресс-тестілеуді пилоттық режимде жүргізуді жоспарлады.

Агенттік тәуекелге бағдарланған қадағалау құралдарын кеңейту бойынша жұмысты жалғастырды. 2021 жылы Агенттік капиталға арналған жеке қадағалау үстемесін есептеу әдіснамасын және оны банк саласының тәуекеліне байланысты қолдану тәртібін әзірлейді, ол реттеушінің қадағалау практикасына 2022 жылдың соңына дейін енгізілетін болады.

Банктердің капитал жеткіліктілігін (ICAAP) және өтімділігін (ILAAP) бағалау бойынша ішкі рәсімдерге және саясаттарға негізгі тәсілдер мен қағидаттар тәуекелдерді басқару жүйесіне талаптармен регламенттелді. 2021 жылдың соңына дейін жаңа үлгі нысандарды бекіте отырып, банктердің ICAAP және ILAAP бойынша ішкі рәсімдерді және саясаттарды бағалауға реттеушілік талаптар жетілдірілетін болады.

Ағымдағы жылдың соңына дейін кредиттік құнсыздану өлшемшарттарын кеңейту және кепілмен қамтамасыз етуді бағалауға талаптар белгілеу мәселелері бойынша активтердің сапасын бағалау нәтижелері бойынша реттеушілік бастамаларды енгізу жүзеге асырылады.

Пандемияның банк секторының орнықтылығына әсерін барынша азайту үшін 2020 жылғы наурыздан бастап капитал мен өтімділіктің жеткілікті көлемін беруге бағытталған уақытша пруденциялық реттеу шаралары қабылданды.

Негізгі шаралардың ішінен банктердің меншікті капиталының консервациялық буферіне қойылатын талаптардың 1 пайыздық тармаққа 2%-дан 1%-ға дейін төмендеуін атап өтуге болады. Сонымен бірге ШОБ субъектілеріне берілген қарыздар мен кепілдіктер және синдикатталған кредиттер бойынша меншікті капиталдың жеткіліктілігін есептеу кезіндегі тәуекел-мөлшерлеу коэффициенттері 100%-дан 50%-ға дейін төмендетілді.

Провизияларды есептеу кезінде «тұрақты» деп танылатын кепілдер тізбесіне МЖӘ жобалары және квазимемлекеттік компаниялардың («Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ) кепілдіктері енгізілді, капиталдың жеткіліктілігі мен бір қарыз алушыға келетін тәуекелді есептеу кезіндегі өтімді қамтамасыз ету тізбесі кеңейтілді.

Кредиттік тәуекелдердің сақталуы және экономиканың түрлі секторларының тең қалпына келмеуінің жағдайында банк секторы экономикаға және өз клиенттеріне қолдау көрсетуді жалғастыруда.

Экономиканы кредиттеудің жыл басынан бері 3,3%-ға 15,1 трлн теңгеге дейін өсуі аясында корпоративтік секторды кредиттеу 0,8%-ға 7,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды, бұл зиянды тану және заңды тұлғаларға берілген, жұмыс істемейтін кредиттерді есептен шығару процестерімен байланысты.

Бөлшек кредиттеу сегментінде кредиттеу тәуекелі жоғары тұтынушылық кредиттерден тәуекелі азырақ ипотекалық қарыздарға қарай біртіндеп ауысуда. Мәселен, жыл басынан бері жеке тұлғаларға кредиттер, негізінен, тұтынушылық кредиттердің 6,1%-ға ұлғаюы есебінен 5,6%-ға өсті. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің есебінен ипотекалық кредиттерді өтеуді есептегенде ипотекалық портфельдің өсуі 3,4%-ды құрады.

Ағымдағы жылы Агенттік жекелеген реттеушілік босаңсудың қолданысын ағымдағы жылдың соңына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, ШОБ субъектілеріне берілген қарыздар мен кепілдіктер және синдикатталған қарыздар бойынша тәуекел-саралау коэффициенттерінің мәндерін төмендету, сондай-ақ «тұрақты» кепіл мүлкінің тізбесін кеңейту шаралары сақталатын болады. Сонымен бірге квазимемлекеттік холдингтердің («Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ) кепілдіктерін өтімді қамтамасыз ету ретінде тану сақталады, бұл кепілмен қамтамасыз етуі жоқ ШОБ субъектілерін кредиттеу бойынша банктердің мүмкіндіктерін сақтауға жағдай жасайды.

ШОБ субъектілерінің қаржыландыруға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бизнесті жеңілдік мөлшерлемелермен кредиттеудің мемлекеттік бағдарламалары («Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы», «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2025») іске асырылуда. Жиынтығында бүкіл 2020 жылы және ағымдағы жылғы 4 айда аталған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2,0 трлн теңгеден астам сомаға қарыз берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОБ субъектілеріне қолдау көрсету үшін төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап 12 ай кезеңге (2020 жылғы 16 наурыздан бастап 2021 жылғы 15 наурызға дейін) ШОБ субъектілерінің барлық қолданыстағы кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді жылдық 6%-ға дейін субсидиялау тетігі іске қосылды.

Қазіргі кезде 4 055 ШОБ субъектісі немесе мақұлданған ШОБ субъектілері – қарыз алушылар жалпы санының 95,3%-ы 22,3 млрд теңге сомаға субсидия алды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін экономиканың зардап шеккен салаларындағы ШОБ субъектілеріне ағымдағы жылғы 1 сәуір - 1 шілде аралығындағы кезеңде кредиттер бойынша төлемдер мерзімін кезекті кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Бүгінгі күні банктік қарыздар бойынша 329 ШОБ субъектісі 5,5 млрд теңге сомаға және микрокредиттер бойынша 60 ШОБ субъектісі 65,7 млн теңге сомаға төлемді кейінге қалдыру мүмкіндігін пайдаланды.