2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі шамамен 300 мың компанияның жабылуына әкелуі мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.
«Бизнестің аздап қысқаратынын біз бұрын да айтқанбыз. Бірақ жабылатындар — негізінен өз қызметін жасанды түрде бірнеше компанияға бөлу арқылы жүргізгендер. Өйткені енді оған ешқандай себеп қалмайды», — деді вице-министр.
Оның айтуынша, бір салық төлеуші бірнеше компанияны өз қызметкерлерінің атына тіркеп, жыл сайын бірдей табыс көрсетіп келген жағдайлар жиі кездеседі. Кейде мұндай бөлшектеу төменгі деңгейден де басталады — яғни, компания айналымы ҚҚС шегіне жеткенде, оның орнына жаңа заңды тұлға ашылады.
Жаңа Салық кодексінде дәл осындай сала түрлерінде, яғни бизнесті жасанды бөлшектеу жиі байқалатын бағыттарда, ҚҚС бойынша шекті айналым көлемі ұлғаяды. Бұрынғы жүйе бойынша жеңілдетілген декларацияның шегі — 187 млн теңге еді, ал оған дейін — 83 млн теңге болатын. Сол себепті компаниялар осы сомадан асқанда жаңа ЖШС ашып отырған. Енді жаңа ереже бойынша ортақ шек 2,35 млрд теңге болып белгіленді және мұндай жағдайда кәсіпкерге ҚҚС төлеуші ретінде тіркелудің қажеті болмайды.
«Яғни, енді бизнесті бөлуге ешқандай экономикалық себеп жоқ — бәрін бір компанияға біріктіріп жүргізуге болады. Алдын ала есеп бойынша, шамамен 300 мың кәсіпорын жабылады, себебі олардың қызметін сақтаудың экономикалық мәні қалмайды. Бірақ бұл өзгеріс адал бизнес үшін ашық әрі тиімді жағдай қалыптастырады», — деді Азамат Әмрин.