Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында мемлекеттік секторды реформалау туралы нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

«Мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту көп жылдан бері өзекті міндет болып келеді. Мемлекеттік ұйымдар мен компаниялар негізсіз көбейіп, жеке кәсіпорындардың толыққанды дамуына мүмкіндік бермей отыр.  Елімізде мемлекеттің үлесі бар ұйымдар саны 25 мыңға жуықтайды. Көпшілігінің қызметі мен құрылымы сын көтермейді, қисынға да келмейді. Қазір коммерциялық емес міндеттерді орындау үшін коммерциялық әдіс-тәсілдер кеңінен қолданылып жүр. Соның салдарынан түрлі шығындар артып, корпоративті органдар көбейіп кетті. Нақты нәтижеге назар аударылмайды», – деді Тоқаев.

Ол Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне Үкіметпен бірлесіп, мемлекеттік секторды реформалау туралы нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырып, қажет болса, арнайы Жарлық шығаратынын мәлімдеді.

«Бұдан бөлек, Үкімет Мемлекеттік мүлік туралы заңды жаңартуға тиіс. Заңда мемлекеттің экономикаға қатысу шегі нақты айқындалуы керек. Сондай-ақ басқару ісіне қатысты құқықтық талаптар көрсетілуі қажет», – деді ол.