2026 жылы доллардың орташа жылдық айырбас бағамы 551,36 теңге деңгейінде болады. Бұл келесі жылы мұнай бағасының төмендеуі мен шикізат экспорттаушы елдердің валюталарына сыртқы қолдаудың әлсіреуіне қатысты болжанып отыр. Бұл туралы AERC макроэкономикалық шолуында айтылған.

Уақытша нығаюға қарамастан, AERC 2025 жылға арналған USD/KZT орташа бағамына болжамды төмендетті, өйткені Brent маркалы мұнай бағасына қатысты алғышарттар қайта қаралып, теңгенің 522,75 теңгеге дейін әлсіреуі ескерілді. Шілдедегі болжамда бұл көрсеткіш 517,44 теңге болған.

Шолуда аналитиктер қыркүйек айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1,9% әлсіреп, бір доллар үшін 549,07 теңге болғанын еске салады.

Алайда 10 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірден 150 базистік тармаққа — 18%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Осы шараның нәтижесінде ұлттық валюта қазан айының ортасына қарай нығайып, бір доллар үшін 536–538 теңге деңгейіне жетті.