2023 жыл инфляцияның өсу қарқынының төмендеуімен және жаһандық қор нарықтарының қалпына келуімен ерекшеленді. Халықаралық үрдістерге сәйкес, қазақстандық қор нарығын капиталдандыру 13,0% немесе 4,6 трлн теңгеге 40,2 трлн теңгеге дейін немесе ІЖӨ-нің 35,3%-на дейін ұлғайды.
Бұл ретте акциялар нарығын капиталдандыру 26,7 трлн теңгені немесе 2023 жылы 26,4% ұлғайып, ІЖӨ-нің 23,5%-ын құрады. Айналыстағы корпоративтік борыш көлемі 13,5 трлн теңгені құрап, өткен жылдың ұқсас көрсеткішіне қатысты 6,5% төмендеді.
2023 жылы БҚНКҚ геосаяси оқиғаларға және жаһандық инфляция деңгейінің өсуіне байланысты сыртқы жағымсыз факторлардың әсеріне қарамастан, таза пайданың 1,5 есеге жуық өсуін, клиенттік базаның 2,5 есе өсуін көрсетті, сондай-ақ Агенттіктің меншікті капиталдың жеткіліктілігі жөніндегі талаптарын артығымен орындайды.
Сонымен қатар, бағалы қағаздар нарығындағы бөлшек инвесторлар саны едәуір өсті. 2023 жылдың басынан бастап Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесінде ашылған шоттар саны 2,5 еседен астам өсіп, 2,4 млн шотты құрады.
2024 жылы Агенттік Risk Assessment and Supervision System (RASS) моделі негізінде бағалау, қадағалап стресс-тестілеу, қаржылық және реттеушілік есептілікті талдау түріндегі ағымдағы қадағалау құралдарын пайдалану арқылы бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың қызметінде тәуекелге бағдарланған қадағалауды және тәуекелдерді бағалауды жүзеге асыру жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады.
Агенттік БҚНКҚ қызметіне іс-әрекет қадағалауын дамытуға ерекше назар аударуды жоспарлап отыр. Реттеуші өтініштерді, клиентке ұсынылатын қаржы өнімдерін, клиенттік база көлемін, іскерлік беделін талдау және бақылау сатып алуды жүзеге асыру жолымен БҚНКҚ іс-әрекет тәуекел-бейінін бағалауды жүзеге асырады.
2024 жылы Бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымын дамытудың негізгі басымдықтары Қазақстанның қор нарығының жаһандық капитал нарықтарына ықпалдасуын күшейтуге, сондай-ақ қаржы құралдарымен мәмілелер жасау кезінде тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталатын болады. Орталық депозитарийді өңірлік есеп айырысу-есепке алу хабына трансформациялау жөніндегі жұмыс жалғастырылады, сондай-ақ деривативтер нарығында және валюта нарығында орталық контрагенттің функцияларын KASE клирингтік орталығына беру жөніндегі іс-шаралар аяқталады.
Агенттік міндеттерінің жеке блогы нарықтың ішкі өтімділік көрсеткіштерін жақсартуға және инвестициялар үшін қауіпсіз орта құруға арналған. Агенттіктің күш-жігері инвестициялық және венчурлік қорлар туралы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге, ұлттық рейтингтік агенттіктің қызметі үшін заңнамалық жағдайлар жасауға, қаржы нарығында ESG қағидаттарын ықпалдастыруға, сондай-ақ ШОБ-тың қор нарығына қолжетімділігін кеңейтуге шоғырландырылатын болады.
Қалыптасқан жаһандық үрдістерді және жергілікті және шетелдік бөлшек инвесторлардың цифрлық активтерге деген жоғары сұранысын ескере отырып, Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп цифрлық қаржы құралдары нарығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін құқықтық негіз әзірлейтін болады.
Қадағалау саясаты мен бағалы қағаздар нарығын дамыту бағыттарын талқылау қорытындысы бойынша Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және БҚНКҚ өкілдері 2024 жылға арналған басым міндеттерде ескерілетін қосымша ұсыныстар туралы айтты.
2024 жылға арналған қадағалау саясатының және бағалы қағаздар нарығын дамытудың негізгі басымдықтары бойынша қорытынды құжат Агенттіктің ресми сайтында орналастырылатын болады.