2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның 12-сі шетел қатысатын банк, оның ішінде 9 еншілес банк.
Банк секторының жиынтық активтері негізінен несие портфелінің 20,1%-ға өсуі есебінен 2022 жылы 18,4%-ға 44,6 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылғы желтоқсанда 3,5%-ға өсті).
2022 жылдың қорытындысы бойынша екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері шамамен 13,5 трлн теңгені немесе активтердің 30,3%-ын құрады, бұл банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Банк секторының міндеттемелері негізінен халықтың салымдарының 26,0%-ға өсуі есебінен 2022 жылы 18,9%-ға 39,3 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылғы желтоқсанда 4,0%-ға өсті). Банк секторы міндеттемелерінің құрылымында негізгі үлес клиенттердің салымдарына тиесілі – 80,3% немесе 31,6 трлн теңге.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша банк секторында жеткілікті капитал қоры бар. Негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) – 18,5%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 21,7%-ды құрады, бұл жүйе бойынша орташа алғанда заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі.
Экономикаға кредиттер 2022 жылы 23,3%-ға 22,8 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылғы желтоқсанда 2,7%-ға өсті).
2022 жылы ұлттық валютадағы кредиттер көлемі 26,4%-ға 21,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2022 жылғы желтоқсанда 2,7%-ға өсті), шетел валютасындағы кредиттер көлемі 3,1%-ға 1,9 трлн теңгеге дейін азайды (2022 жылғы желтоқсанда 2,8%-ға өсті). Нәтижесінде 2022 жылы теңгемен кредиттердің үлес салмағы 89,7%-дан 91,9%-ға дейін ұлғайды.
2022 жылы барлығы 24,2 трлн теңгеге жаңа кредиттер берілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 12,8%-ға артық. Бұл ретте 2022 жылғы желтоқсанда 2,6 трлн теңге берілді, бұл бір ай бұрынғыға қарағанда 7,3%-ға артық.
Заңды тұлғаларға кредиттер 2022 жылы 11,5%-ға 8,7 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылғы желтоқсанда 4,0%-ға өсті).
Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне жиынтық кредиттер 2022 жылы 13,9%-ға 9,6 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылғы желтоқсанда 4,0%-ға өсті). Бұл ретте ШОБ субъектілеріне қарыздар 15,2%-ға 6,0 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылғы желтоқсанда 2,8%-ға өсті), ірі бизнеске қарыздар 11,8%-ға 3,6 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылғы желтоқсанда 6,1%-ға өсті).
Барлығы 2022 жылы дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне 12,7 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,0%-ға артық. Бұл ретте 2022 жылғы желтоқсанда 1,5 трлн теңге берілді, бұл бір ай бұрынғыға қарағанда 27,3%-ға артық.
Жеке тұлғаларға кредиттер 2022 жылы 31,8%-ға 14,2 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылғы желтоқсанда 1,9%-ға өсті).
Жеңілдетілген мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын жалғастыру және тұрғын үй жағдайларын жақсартуға зейнетақы жинақтарын пайдалану нәтижесінде 2022 жылы ипотекалық кредиттеу 39,3% болған 2021 жылғы көрсеткіштен асып, 42,5%-ға 4,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2022 жылғы желтоқсанда 3,9%-ға өсті).
Тұтынушылық кредиттер 2021 жылы 39,9%-ға өсумен салыстырғанда баяулап, 2022 жыл бойынша 25,3%-ға 7,7 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылғы желтоқсанда 1,0%-ға өсті).
2022 жылғы желтоқсанда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 19,2%-ды құрады (2021 жылғы желтоқсанда 12,2%), жеке тұлғаларға ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 17,4%-ды (2021 жылғы желтоқсанда 17,5%) құрады. 2022 жылы кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелердің өсуі инфляцияның 20,3%-ға дейін және тиісінше базалық мөлшерлеменің 16,75%-ға дейін өсуіне, сондай-ақ геосаяси тәуекелдердің күшеюі жағдайларында қарыз алушылардың кредиттік тәуекелдерінің өсуіне байланысты.
2022 жылғы қорытынды бойынша кредиттік портфельдің сапасы айтарлықтай жоғары деңгейде қалып отыр. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтарда кредиттік портфельдің жалпы көлемінде берешек мерзімі 90 күннен асқан кредиттердің үлесі 3,4%-ды немесе 815 млрд теңгені құрады, 2022 жылдың басында 3,3%-дан немесе 669 млрд теңгеге елеусіз ұлғайды.
ШОБ-ты ескере отырып заңды тұлғалардың портфелінде берешек мерзімі 90 күннен асқан қарыз деңгейі 3,0%-ды немесе 321 млрд теңгені (2022 жылғы 1 қаңтарға 3,4% немесе 316 млрд теңге) құрады. Жеке тұлғалардың портфелінде - 3,7%-ды немесе 493 млрд теңгені құрады (2022 жылғы 1 қаңтарға 3,5% немесе 353 млрд теңге).
Берешек мерзімі 90 күннен асқан кредиттердің провизияларын өтеу жоғары деңгейде сақталады және 76,9%-ды құрады.
2022 жылғы қорытынды бойынша депозиттік нарықта 2022 жылғы наурыз-мамырда байқалған әкетілуіне (-8,9%) қарамастан оң серпін жалғасты. Мәселен, 2022 жылы депозиттік ұйымдарда резиденттердің депозиттері 14,1%-ға 30,9 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылғы желтоқсанда 4,8%-ға). Бұл ретте заңды тұлғалардың депозиттері 10,5%-ға 15,3 трлн теңгеге дейін (2022 жылғы желтоқсанда 2,3%-ға өсті), жеке тұлғалардың депозиттері 18,0%-ға 15,6 трлн теңгеге дейін (2022 жылғы желтоқсанда 7,3%-ға өсті) ұлғайды.
2022 жылы ұлттық валютадағы депозиттер 22,0%-ға 21,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2022 жылғы желтоқсанда 8,9%-ға өсті), шетел валютасындағы депозиттер 0,2%-ға 9,8 трлн теңгеге дейін өсті (2022 жылғы желтоқсанда 3,0%-ға азайды). Нәтижесінде 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша долларлану деңгейі 2022 жылдың басындағы 36,0%-бен салыстырғанда 31,6%-ды құрады.
Бұл ретте, 2022 жылы инфляцияның және нарық мөлшерлемелерінің өсуі аясында депозиттерді тарту құны артты. Мәселен, 2022 жылғы желтоқсанда банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 14,4%-ды (2021 жылғы желтоқсанда 7,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,3%-ды (2021 жылғы желтоқсанда 8,0%) құрады.
2022 жылғы қорытынды бойынша банктердің таза пайдасы 1,5 трлн теңгені құрады, бұл 2021 жылға қарағанда 13,7%-ға көбірек. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша банктік активтердің рентабельділігі (ROA) 3,7%-ды (2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 3,8%), капиталдың рентабельділігі (ROE) – 30,4%-ды (2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 30,6%) құрады.