2021 жылдың 17 қыркүйегінде Еурокомиссия ҚазСтандартты Қазақстанда шарапты сертификаттауға құзыретті органдардың тізіміне енгізді. Отандық шарап өндірушілерге Еуропаға шарап экспорттау жеңілдейді, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі.

Еуропалық Одақ елдеріне шарап, жүзім немесе жүзім шырынын импорттау енді VI-1 нысанындағы сертификатпен бірге жүруі керек, ол 2 бөліктен тұрады: сертификаттың өзі (тауарлардың нақты топтамасының жалпы мәліметтері көрсетілген), сондай-ақ топтама үлгілерін зертханалық сынау нәтижелері бар толықтырулар.

Сертификатты құзыретті орган ресімдейді, тиісті түрде куәландырылады және өтініш берушінің қолына беріледі. Бірқатар дамыған елдерде 1-ден 5-ке дейін зертхана жұмыс істейді. Ал Қазақстанда VI-1 сертификатын ҚазСтандарт арқылы алуға болады, бұл Еуропалық сауда комиссиясының сайтында расталады.

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі ҚазСтандартпен бірлесіп, осы мақсатқа жету үшін көлемді жұмыс жүргізді. Институттың зертханалары Еуропалық комиссияға өз тиімділігін дәлелдеу үшін көптеген тексерулерден өтті.

VI-1 сертификаты жүкке  кедендік рұқсат алу кезінде кеден органына ұсыну үшін қажет. Бұл сертификат жеткізілетін шарап сапасының сәйкестігін растайды және өнімнің ЕО-да сатылуына жол  ашады.