30 қыркүйектен бастап қазақстандықтар онлайн-кепілсіз тұтынушылық қарыз алған кезде бірден ақшаға қол жеткізе алмайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «шешім қабылдау кезеңін» енгізіп отыр. Мақсат – азаматтарға асығыс несие рәсімдеудің алдын алу және алаяқтық тәуекелдерін азайту.
Ереженің мазмұны
Ереже бойынша, 589 800 теңгеден 1 млн теңгеге дейінгі қарыздар үшін – 8 сағат күту керек. 1 млн теңгеден жоғары банктік қарыз немесе 294 900 теңгеден асатын микрокредит үшін – 24 сағат күту қажет. Ақша тек осы мерзім өткен соң және қарыз алушы қайтадан келісімін растағанда ғана аударылады.
Қай жағдайға қолданылмайды?
Бұл норма тауарлық кредиттерге, карталық лимит аясындағы қарыздарға (150 АЕК дейін) және ішкі қайта қаржыландыруға жүрмейді. Егер қарыз алушы «шешім қабылдау кезеңінде» бас тартса, шарт жойылып, қаражат аударылмайды.