Қаржылық қиындықтар күтпеген жерден пайда болып, ал олардың салдары көп жағдайда әуре-сарсаңға салуы мүмкін. Егер қарыз алушының кредитор алдында міндеттемелерін орындауға мүмкіндігі болмайтын жағдай туындаса, ол берешегін коллекторлық агенттікке беруге құқығы бар.

Бұл ретте,  коллекторлар қарыз алушылардың берешекті тез арада өтулеріне қол жеткізу тәсілдерінің не қилы түрлерін қолданып жатады. Көптеген жағдайларда олардың қарыз алушы үшін жағымды да, сондай-ақ  жағымсыз да тұстары кездесіп жатады. Мәселен, коллекторлар тек борышкерді ғана емес, сонымен бірге оның отбасын, кейде тіпті жұмыс беруші мен оның әріптестерін мазалайды.

Кредиттік төлемдер бойынша кейінге қалдырулар, әсіресе, жаппай карантиндік шаралар енгізу кезеңінде маңызды болып отыр. Көптеген адамдар жұмыссыздықтың салдарынан табыс көзінен айырылып, ол төлем жасау қабілетсіздігіне әкелді. Бұл жағдайда «Егер Сізді коллекторлар мазалай беретін болса, не істеу, кімге өтіну керек?» деген орынды сұрақ туындайды.  Бұл сауалдарға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев жауап берді.

Бірінші кезекте, коллекторлық агенттік пен кредитор арасындағы шартты тексеру қажет. Коллекторлық агенттіктер борышкермен тек берешекті өндіріп алу шартының негізінде ғана жұмыс істеуге құқылы. Онда қарыздың өндіріп алуға берілгені не коллекторлық агенттікке берілгені көрсетіледі.

Бұл ретте банктің және МҚҰ-ның үшінші тұлғаларды тарту құқықтары банктік қарыз шартында немесе микрокредит беру туралы шартта қамтылуға тиіс. Сол себепті қарыз шартын жасау кезеңінде  қарызды «сату» деген тармақ болмаса, онда ол бойынша талап ету құқығын басқаға беруге немесе берешекті өндіріп алу үшін коллекторлық агенттікті тартуға банктің немесе МҚҰ-ның құқығы жоқ.

Егер мұндай талап көрсетілсе, және қарыз сатылған немесе басқаға берілген болса,  коллекторлық агенттік жаңа кредиторға айналады және берешек сомасын өзінің шотына қайта аударуды талап етуге құқылы. «Сізден қаражат алудан басқа, коллекторлық ұйым берілген шарттың талаптарын, сондай-ақ банктерге және МҚҰ-ға қойылатын барлық заңнамалық талаптарды және  шектеулерді сақтауға міндетті»,- деп атап өтті Александр  Терентьев.

Екінші деңгейдегі банктер қарыз алушыда банктік қарыз шарты бойынша - 90 күннен астам, ал жеке тұлғаның ипотекалық қарызы бойынша - 180 күннен астам және бір күннен ерте емес мерзімі өткен берешегі болғанда ғана талап ету құқықтарын беруге құқылы екендігі маңызды.

МҚҰ 90 күннен астам мерзімі өткен берешек болғанда талап ету құқықтарын беруге құқылы және  жеке тұлғаның қамтамасыз етуге тұрғын үй берілген микрокредиті бойынша беруге құқығы жоқ.

Коллекторларға қандай жосықсыз әрекеттерге тыйым салынады?

«Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес борышкермен, оның өкілімен немесе үшінші тұлғамен өзара іс-қимыл кезінде коллекторлық агенттікке мынадай жосықсыз әрекеттерді жасауға тыйым салынады, оның ішінде:

·       коллекторлық агенттік өзара іс-қимыл жасайтын адамның                    ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметті тарату не осы адамдардың мүдделеріне мүліктік залал келтіруі мүмкін мәліметті жариялау;

·      коллекторлық агенттік өзара іс-қимыл жасайтын адамның құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, сондай-ақ осы адамға мүліктік және өзге де зиян келтіретін заңсыз әрекеттер жасау;

·      борышкерді зорлық-зомбылық көрсету не борышкердің,  оның өкілінің немесе үшінші тұлғалардың мүлкін жою немесе оған зақым келтіру, қорлау, алаяқтық, жалған құжат жасау, бопсалау арқылы мәжбүрлеу арқылы шарт бойынша міндеттемелерін орындауға мәжбүрлейтін қысым көрсету;

·      коллекторлық агенттік өзара іс-әрекет жасайтын тұлғаны  берешек мөлшері, сипаты мен берешектің орын алу негіздері бойынша жаңылыстыру;

·      коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кредитордан, оның өкілінен немесе үшінші тұлғалардан алынған Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны жариялау.

«Заңнамаға сәйкес қарыз алушы немесе қарыз алушының өкілі коллекторлық  агенттіктің өкілдерімен әңгімені және кездесуді аудио- немесе бейнежазбаға түсіруге құқылы екендігін атап өтеміз», - деді реттеушінің өкілі.

Егер коллекторлар сіздің құқықтарыңызды бұзған жағдайда қайда жүгінуге болады

Егер коллекторлық агенттік заңға қарсы іс-әрекет жасаса, кез келген азамат Агенттікке коллекторлық агенттіктің банк заңнамасын және заң талаптарын сақтауына тексеру жүргізу үшін жазбаша өтінішпен жүгіне алады. Бұдан басқа егер коллекторлар қарыз алушымен өзара іс-әрекет барысында  қоқан-лоққы көрсетіп, немесе жеке басын қорласа, Агенттіктің тексеру нәтижелерін алмай-ақ құқық қорғау органдарына жүгінуге болады, себебі тергеу іс-шараларын жүргізу аумақтық полиция органдарының құзыретіне жатады.

Бұл ретте өтінішке кез келген қосымша мәліметтер, аудио- және бейнежазбаны қосуға болады. Егер тексеру нәтижесінде бұзушылықтар расталса, коллекторлық ұйымға тиісті шаралар қолданылатын болады.

Мәселен, бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі коллекторлық агенттіктерге қатысты 5 ықпал ету шарасын және 2 әкімшілік өндіріп алу қолданды. Бұл ретте оларға қатысты айыппұлдың жалпы сомасы  530 мың теңгені құрады.

«Талдау көрсеткендей, коллекторлар көп жағдайда берешек туралы ақпаратты үшінші тұлғаларға берумен байланысты бұзушылықтарға жол береді», - дейді Александр Терентьев.  «Сонымен қатар, жиі кездесетін бұзушылықтар - борышкерге, оның өкіліне немесе үшінші тұлғаға қатысты жосықсыз іс-әрекеттер, борышкердің талабы бойынша коллекторлық агенттіктің өкілеттігін растайтын ақпарат пен құжаттардың көшірмелерін ұсынбау, сондай-ақ борышкердің атына жалған ақпарат жіберу.»

Өз құқықтарыңызды біліңіз және оны қорғауға ұялмаңыз.

Инфографика: Коллекторлық агенттік өз қызметін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде есептік тіркеуден өткеннен және оны Коллекторлық агенттіктер тізіліміне енгізгеннен кейін ғана жүзеге асыруға құқылы.

Қазіргі уақытта Тізілімде 184 коллекторлық агенттік бар.

Коллекторлық агенттіктердің тізімімен  ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Рұқсаттар және хабарламалар тізілімі» бөлімінде таныса аласыз.