«7-20-25»-да күмәнді схемалар тарауда

Қазақстандық құрылыс компаниялары «7-20-25» бағдарламасын күмәнді жолмен өз пайдаларына қолдануға тырысып жатыр. 

Атап айтар болсақ, кей құрылыс компаниялары әлі салынбаған үйлерді аталған ипотекалық бағдарлама бойынша тұтынушыларға ұсынуда.

Қысқаша айтар болсақ, схема былай: құрылыс компаниялары сатып алушыдан алғашқы 20 пайыздық жарнаны төлеуді сұрайды. Дегенмен, аталған сома төленгенімен үй салынып біткеннен кейін ғана ол алғашқы жарна болып есептеледі. Оған дейін ол сома бұғатталып тұрады. Осы уақыт аралығында компаниялар ол ақшаны жұмсамайтынын айтады.

Егер үй салынып бітпей қалса немесе банк сатып алушыға ипотеканы мақұлдамай қойса әлгі қаржының қайтарылар-қайтарылмасы күмән тудырады.

Компаниялар мұны көпшілік жұртқа көп жарнамалай бермейді.

Мәселеге қатысты «7-20-25» ипотекасының операторы «Баспана» компаниясы мұндай жағдайларға жоламауға кеңес береді.

— Бекітілген шарт бойынша, «7-20-25» бағдарламасы аясында алғашқы нарықтағы дайын үйлер ғана беріледі. Қазір біз дегенмен кей компаниялардың алдын ала үйлерді брондауды ұсынып жатқанын байқап отырмыз. Алайда біз тек дайын үйлерді ғана рәсімдеуді кеңес етеміз, — дейді «Баспана» компаниясының өкілі Айбар Олжаев.

Оқыңыз:   1 млн теңгенің тұрғын үй сертификаттары шығарылады