Қазақстанның Даму Банкі жеңілдетілген автонесиені қаржыландыруға 20 млрд теңге бөлді.

Даму банкі бұл қаражатты Ұлттық банктің үлескер компаниясы "Қазақстандық тұрақтылық қоры" АҚ-нан алды. Банк бұл ақшаны жеңілдетілген автонесие беру үшін екінші деңгейлі банктерге береді.

Айта кетейік, екінші деңгейлі банктер халыққа 15 млн теңгеге дейінгі отандық көліктерді 4 пайызбен несиеге береді.

Бес жылда екінші деңгейлі банктерге 82 млрд теңге бөлінген.

"Осындай бағдарламаның арқасында қазақстандықтар 98 млрд теңгеден астам қаражатқа 20 629 көлік мінді. Көліктердің орташа бағасы 4,7 млн теңге", деп жазады Қазақстанның Даму банкі.

Бағдарлама бойынша "Азия Авто" АҚ мен "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" ЖШС-нің JAC, Chevrolet, Ravon, УАЗ, Hyundai, Kia, Skoda, LADA бастаған 42 көлік моделі беріледі.

Биыл бағдарлама бойынша берілген 20 млрд теңгенің 13 млрд теңгесін Қазақстанда тіркелген Ресей банктері алды. Атап айтқанда Сбербанк 8 млрд теңге, ВТБ банкі 5 млрд теңге игеруі керек. Сонымен қатар ForteBank 5 млрд теңгеге, Халық банкі 2 млрд теңгеге жауапты.

Қарапайым тілмен айтқанда Қазақстан үкіметі Ресейден келетін автокөлік қосалқыларын сату үшін Ресейдің банктеріне ақша беріп отыр.