18 мамыр күні Нұр-Сұлтан уақытымен кешкі сағат 20:00 шамасында Брент маркалы мұнай бағасы күрт қымбаттап, барреліне 35,45 долларға жетті.

Қара алтынның қымбаттауына екі жаңалық әсер етті.

Біріншіден, дүйсенбі күнгі Нью-Йорк биржасы сауданы айтарлықтай өсіммен ашты. NASDAQ биржасында Dow Jones 2,9 пайыз өссе, S&P 1,9 пайыз қымбаттады.

Нарықтың көтерілуіне Moderna атты биологиялық компанияның короновирусқа қарсы вакцина ойлап тапқанын хабарлағаны әсер еткен болса керек. Аталған компанияның акциясы сол сәтте 22,5 пайыз қымбаттады.

Мұнайдың қымбаттауына екінші себеп ОПЕК+ келісімшартының орындалуы туралы хабар. Кеше аталған ұйым бас хатшысы Мұхаммед Баркиндо Bloomberg TV арнасына берген сұхбатында мұнай бағасының 2020 жылдың екінші жартысында қымбаттай бастайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, келісімшарт бойынша мұнай экспорттаушы елдер тәулігіне өндірісті өткен аймен салыстырғанда 9,7 млн баррельге төмендетуі керек еді. Қазірдің өзінде өндіріс 6,3 млн баррельге азайғаны айтылуда.