Макулатураны шекарадан шығаруға тыйым салынады

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қалпына келтірілетін қағазды немесе картонды (макулатура және қалдықтар) әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» бұйрық жобасын дайындады.

Отандық қайта өңдеушілерді қолдау және азық-түлік бағасын төмендету мақсатында Министрлік «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп ел аумағынан макулатураны әкетуге тыйым салудың экономикалық орындылығы тұрғысынан жан-жақты талдау жүргізді.

Талдау қорытындысы бойынша сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында 6 айға уақытша тыйым салуды енгізу мәселесі мақұлданды.

Қағаз қаптама – экологиялық таза материал және Қазақстан нарығында сұранысқа ие. Бұл нарық жылдан жылға тұрақты түрде өсіп келеді.

Қағаз бен картон – әлемдегі ең жоғары деңгейде өңделетін өнімдер (кейбір елдердегі әйнекті қоспағанда). Полиэтилен пакеттен айырмашылығы – экологиялық таза целлюлоза қысқа мерзімде толығымен жойылады және қайта өңдеуге арналған материал ретінде жарамды.

Құрылымы бойынша Қазақстанның қаптама нарығы 40% полимерлік қаптамадан, 30% қағаз және гофрокартонды қаптамадан, қалған 30% шыны, металл ыдыс және тығындау құралдарынан тұрады.

2015-2020 жылдары қағаз және қағаз өнімдері өндірісі оң нәтиже көрсетті. Әсіресе 2020 жылы өсімнің жоғары деңгейіне қол жеткізілді.

Өндіріс көлемінің өсіміне ең алдымен Қазақстаннан макулатураны әкетуге бірқатар тыйым салынуы ықпал етті.

Естеріңізге сала кетейік, соңғы тыйым 2019 жылы 2 жыл мерзімге енгізілген. ҚР Үкіметінің макулатураны шығару бойынша шектеу шаралары қалпына келтірілетін қағазды немесе картонды (макулатура және қалдықтар) қайта өңдеушілер үшін шикізат базасын тұрақтандыруға ықпал етті.

Соңғы тыйым салу кезеңінде қайта өңдеу зауыттары шикізатпен толығымен қамтамасыз етілді. Бұл саладан түсетін салықты 23% арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Өз кезегінде отандық зауыттар қуаттылығын арттырып, жаңа жобаларды іске қоса бастады. Сондай-ақ дәретхана қағазына арналған төлкелерді/жұмыртқа науаларын дайындау бойынша шағын кәсіпорындар саны артты.

Макулатураны әкетуге салынған тыйымды алып тастау макулатуралық гофрокартон өндірісіндегі негізгі шикізат тапшылығын тудырды. Кейін ол макулатура құнының 120% қымбаттауына әкеп соқты.

Бұл факт дайын өнім – гофрокартонның өзіндік құнының 30%-дан астамға өсуіне әсер етті. Ол дайын өнімді өткізу бағасын арттыру арқылы өтеліп, нәтижесінде азық-түлік, тұтыну тауарлары мен дәрілік заттардың түпкілікті құнына әсер етеді.

Бүгінде «Қалпына келтірілетін қағазды немесе картонды (макулатура және қалдықтар) әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі бұйрығының жобасы талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына орналастырылды. Сондай-ақ Министрлік жанындағы аккредиттелген қауымдастықтарға және қоғамдық кеңеске жіберілді.

Осы нормативтік-құқықтық акт бойынша Министрлік келісу процесінде келіп түскен барлық ескертулер мен ұсыныстарды қабылдауға және пысықтауға дайын.

Рұқсатсыз көшіруге тиым салынады!:Naryk.kz | Нарық.кз » Макулатураны шекарадан шығаруға тыйым салынады

Ұнады (0)