Жарты миллион азамат 2 трлн теңгегедей зейнетақы ақшасын үйге жұмсады

БЖЗҚ біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша жарты миллионға жуық өтінішті орындады, деп хабарлайды БЖЗҚ.

2021 жылдың 11 қазанындағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 458 641 өтініші орындалды. Уәкілетті оператор – банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 1,9 трлн теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 4,1 млн теңге.

Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қаласының (17,0%), Маңғыстау облысының (13,8%), Нұр-Сұлтан қаласының (13,0%) тұрғындары тарапынан жолданған. www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» бөлімінде салымшылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін қандай мақсаттарға пайдалануды жоспарлайтыны туралы егжей-тегжейлі ақпарат орналастырылған. Мұндай ақпарат өңірлер бөлінісінде де берілген («Мақсаттар бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» және тиісінше «Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдері» шағын бөлімдері).

Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ болып табылады. Орындалған өтініштердің едәуір (орындалған өтініштердің жалпы санының 95,1%) бөлігі «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, одан әрі «Қазақстан Халық банкі» АҚ (3,8%), «Банк ЦентрКредит» АҚ (1,1%), «Altyn Bank» АҚ (0,04%) және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ (0,02%) арқылы берілді.

Естеріңізге саламыз, біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті операторда («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) ашылған арнайы шотқа түскеннен кейін алушы уәкілетті операторға біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды олар келіп түскен күннен бастап 45 жұмыс күні ішінде (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларының 13-тармағына сәйкес), ал басқа уәкілетті операторлар бойынша – 3 (үш) жұмыс күні ішінде ұсынады. Уәкілетті операторға растаушы құжаттар белгіленген мерзімде берілмеген жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады.

Алушы, сонымен қатар көрсетілген мерзімді күтпей-ақ, аударылған соманы уәкілетті операторға тиісті өтініш беру арқылы БЖЗҚ-ға қайтара алады, оны уәкілетті оператор қайтаруға өтініш алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде орындауға міндетті.

Айта кетейік, уәкілетті операторлардан салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша 252,2 млрд теңгеден аса сома қайтарылды, себебі, қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбаған.

Сондай-ақ, БЖЗҚ емделуге берілген 45,5 млрд теңгеге 49 708 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,9 млн теңге. Сонымен қатар, салымшылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 6,8 млрд теңге қайтарылды, бұл қаражат өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған. Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану жөніндегі өзекті статистикамен www.enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Емделуге берілетін біржолғы зейнетақы төлемдері» бөлімінен танысуға болады.

Ағымдағы жылдың 11 қазанындағы жағдай бойынша инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) 5,4 млрд теңге аударылды. БЖЗҚ 2 818 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы – 1,9 млн теңге. Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру бойынша егжей-тегжейлі статистика да enpf.kz сайтындағы «Көрсеткіштер» – «Зейнетақы жинақтарын басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға беру» бөлімінде жарияланып отырады.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Сіз бұл туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен көре аласыз. Айта кетейік, 5,4 млрд теңгенің 45,13% немесе 2,4 млрд теңгесі «Jusan Invest» АҚ, 27,54% немесе 1,5 млрд теңгесі «Halyk Global Markets» АҚ, 17,74% немесе 0,9 млрд теңгесі «BCC Invest» АҚ, 9,59% немесе шамамен 0,5 млрд теңгесі «Сентрас Секьюритиз» АҚ аударылды.

БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін ИПБ оларды ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы №10 қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және ИПБ инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.

Салымшы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін Ұлттық Банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып, есептелінеді.

Рұқсатсыз көшіруге тиым салынады!:Naryk.kz | Нарық.кз » Жарты миллион азамат 2 трлн теңгегедей зейнетақы ақшасын үйге жұмсады

Ұнады (0)