2021 жылғы 1 қазаннан бастап Банктер және банк қызметі, сондай-ақ микроқаржылық қызмет туралы заңдарға банктер мен микроқаржы ұйымдарының (МҚҰ) қарыз алушының проблемалық берешегін бірыңғай құқықтық реттеу режимін енгізу бөлігіндегі түзетулер күшіне енді. Енді мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушы-жеке тұлғалар өз кредиттерін немесе микроқарыздарын қайта құрылымдау мәселелерін құқықтық ая шеңберінде азаматтардың өтініштерін қарауға міндеттелген кредиторлармен тікелей шеше алады.

Реттеудің жаңа тетігіне сәйкес, банктер мен МҚҰ қарыз алушыны мерзімі өткен сәттен бастап 20 күн ішінде туындаған мерзімі өткендігі туралы хабардар етуге міндетті. Хабарламада кредиторлар сондай-ақ туындаған мерзімін өткізіп алудың нақты мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттілігі туралы азаматтарды хабардар етуге, олардың банкке немесе МҚҰ-ға жүгіну құқығы және кредиттер мен микрокредиттер (бұдан әрі – қарыздар) бойынша өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы айтуға тиіс.

Қарыз алушылар, өз кезегінде, мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде қарыздарды қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға жазбаша өтінішпен немесе кредиттік шартта көрсетілген басқа тәсілмен жүгінуі керек. Өтініште мерзімін өткізіп алудың немен байланысты болғанын көрсету, ықтимал қайта құрылымдаудың өз нұсқаларын ұсыну және кірістердің төмендегенін және өз міндеттемелері бойынша төлем жасаудың мүмкін еместігін куәландыратын растайтын құжаттарды ұсыну қажет.

Қарыз алушының өтініші міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және банк пен МҚҰ-ның қарауына жатады. Толық емес мәліметтер ұсынылған кезде қарыз алушы оларды қаржы ұйымынан хабарлама алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде ұсынады.

Кредитор қарыз алушыдан құжаттардың толық пакетін алғаннан кейін өтінішті қарайды, бұл ретте қарыз алушының ағымдағы қаржылық жағдайы (төлем жасауға қабілеттілігі), әлеуметтік жағдайы, кепілге салынған баспананың жалғыз болуы, қарыз бойынша міндеттемелерді адал орындау сияқты факторларды ескереді.

Кредитор өзінің жауабын күнтізбелік 15 күн ішінде:

қарыз алушы ұсынған банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарына өзгерістерді қабылдай отырып, келісімін;

банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарын өзгерту жөніндегі өз ұсыныстарын;

себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып, бас тартуды ұсынуға тиіс.

Қарыз алушы немесе кредитор ұсынған қайта құрылымдау талаптары мынадай түрде болуы мүмкін: сыйақы мөлшерлемесін төмендету, төлемді кейінге қалдыру, өтеу әдісін өзгерту, қарыз мерзімін ұлғайту, борыш жүктемесін азайту (мерзімі өткен негізгі борыш, сыйақы, айыпақы және төлемдер мен комиссиялардың өзге де түрлері), ипотеканың мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті дербес өткізу немесе кепіл мүлкін кредиторға беру, сатып алушыға міндеттемені бере отырып, жылжымайтын мүлікті өткізу арқылы бас тарту төлемін беру.

Шарттың талаптарына өзгерістер енгізу банк осындай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде жүзеге асырылады.

Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге қол жеткізе алмаса, ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне (бұдан әрі – Агенттік) жүгінуге құқылы. Бұл ретте қарыз алушы банкке немесе МҚҰ-ға өзінің өтінішінің және өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеуінің дәлелдерін міндетті түрде ұсынуға тиіс. Агенттік өтініш берушінің өтініші негізінде өз өкілеттіктері шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеру жүргізуге бастама жасайды және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін мәселені жан-жақты қарауға және кредитордың қабылдаған шешіміне қатысты кредиттік ұйымның іс-қимылына баға береді. Осы кезеңде кредитор халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлердің кепілге берілген мүлкін өндіріп алу рәсімін бастауға құқылы емес.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген адамдар, ұрыс қимылдарының ардагерлері, 1 және 2-топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар, жасына қарай зейнет жасына шыққан зейнеткерлер; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қандастар, экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар, көп балалы аналар және көп балалы отбасылар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары жатады.

2021 жылғы 24 мамырда Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғанын еске саламыз.