2019 жылы IPO-ға шығатын әлемдегі ірі компаниялар

2019 жыл халықаралық қор нарығында IPO-ға бай болмақ.

Атап айтар болсақ, Uber, Яндекс.Такси мен Airbnb компаниялары биржаға алғаш рет өз акцияларын шығарады.

Сарапшылардың айтуынша, халықтың ең асыға күтіп отырған компаниясы Uber. Бұл компанияның акциялары биржаға 2019 жылдың I-II тоқсанында түспек.

«Бүгінге дейін компания 16 млрд долларға жуық инвестиция тартты. Ал соңғы инвестраундта тіпті 72 млрд қаржы тартты. 2017 жылы компанияның жалпы табысы $7,36 млрд болды», — деп жазады Фридом Финанс сарапшылары.

Сонымен қатар, Uber такси қызметінің басты бәсекелесі Lyft те келер жылы инвестор іздейді.

Компания $4,9 млрд қаржы тартты. Компанияны соңғы рет 15 млрд доллар деңгейінде бағалады. Өткен жылы, бейресми деректер бойынша, компания 254 млн доллар шығынға батқарн, ал одан бір жыл бұрынғы шығын 195 млн доллар болған еді.

Фридом Финанс сарапшысы Әбдікәрімовтың айтуынша, 2007 жылы құрылған стартап Tanium да келер жылы биржаға акцияларын шығармақ.

«2018 жылы компанияның нарықтық құны $6,5 млрд деп бағаланды. Аталған компанияның инвесторларының арасында TPG, Institutional Venture Partners, T Rowe Price және Andreessen Horowitz қорлары бар. 2018 жылдың наурызында компанияның кірісі $200 млн болды».

Сонымен қатар Airbnb компаниясы да IPO-ға шығады деп күтілуде. Үй жалдау мен жалға алуды онлайн жасайтын платформа 2008 жылы құрылған.

TechCrunch.com басылымы мәліметінше, Airbnb 2019 жылдың 30 маусымында IPO-ға шығаруға дайын болып, 2020 жылға дейін акцияларын сата бастайды.

«Компанияның қазіргі құны $30 млрд. 2018 жылғы табысы $3,5-4 млрд», — деп жазады Фридом Финанс.

Бұлардан бөлек сарапшылар Яндекс.Такси қызметінің де алғаш рет биржада акцияларын шығаратынын мәлімдеп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясы Лондон мен Астана биржаларында IPO-ға шығарылған еді.

Оқыңыз:   Қазақстан бекіресі экспортқа шығады