2019 жылы доллар неше теңге болады?

2018 жылдың қыркүйегінде Ұлттық банк 520,6 млн долларға интервенция жасап, доллардың тым қымбаттап кетуінің алдын алған еді. 

Осы орайда сарапшылар өткен айда Ұлттық банк араласпағанда доллар 400 теңгеге дейін қымбаттап кетуі мүмкін екенін айтуда. Дегенмен, қазіргі таңда мұнай бағасының тұрақтылығы, Ресейге қатысты санкцияның бәсеңдеуі, одан қалды Қазақстанның ішкі экономикасындағы қолайлы жағдайлар, атап айтқанда ЖІӨ өсімінің тұрақтылығы, ағымдағы есеп тапшылығының азаюы, шетелдік тікелей инвестицияның артуы, сауда балансындағы профицит пен 2019 жылғы сыртқы қарыз бойынша төлемнің төмендеуі теңге үшін қолайлы жағдай қалыптастырмақ.

Оның үстіне күні кеше ғана Ұлттық банк теңгенің базалық мөлшерлересін 9,25 пайызға дейін көтергені белгілі. Бұл да өз кезегінде ұлттық валютаның нығаюына ықпал етпек.

Жоғарыда аталғандай, ішкі факторлардың барлығы теңге үшін оң әсер етпек. Ал сыртқы факторлардан мұнай бағасының алдағы жылы өсе түсетіні туралы ақпарат бар. Оған негіз Иранға қарсы санкция. Дегенмен, АҚШ-Қытай арасындағы сауда соғысының шикізат құнына кері әсерін тигізуі мүмкін деушілер де жоқ емес.

Сонымен қатар, АҚШ Федералды резерв жүйесінің доллардың базалық мөлшерлемесін келер жылы тағы бірнеше рет көтеріп, Ресейге қарсы жаңа санкциялар салынатын болса, онда теңге үшін бұл қолайсыз болатыны анық. Егер ондай күрт қимылдар бола қойса, доллар 400 теңгеге дейін қымбаттап кетуі мүмкін. Дегенмен, жағдай қазіргі қалпынан танбаса, бағам 360 теңге айналасында болмақ.

 

Оқыңыз:   ОПЕК-тің шектеуі мен Назарбаевтың бұйрығы. Бозымбаев екі оттың ортасында қалды