2018 жылғы ең маңызды экономикалық жаңалықтар

Жаңа салық кодексі

Жыл басынан бастап кәсіпкерлерге жаңа Салық кодексі күшіне енді. Үкімет мүшелерінің мәлімдеуінше, жаңа заң кәсіпкерлерге барынша жеңілдік қарастырған. Дегенмен, сонымен қатар, кәсіпкерлерге салынатын айыппұл көлемі көбейтілді.

Банктердің банкроты

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Астана мен Қазақ банктерінің басшыларын қатаң сынағаны сол екен, артынша аталған екі банктен халық өз жинақтарын мерзімінен бұрын талап ете бастады. Қаражаттың кері қайтарылып алынуы банктердегі қолақшаны азайтып, артынша қаржы ұйымдары төлем қабілетсіз болып қалды. Нәтижесінде қос банк жабылып тынды.

Ең төменгі жалақы

Биылғы Жолдауда Назарбаев ең төменгі жалақыны 50 пайызға, 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге көтерді. Сонымен қатар төмен жалақы алатын азаматтардың табыс салығын 10 пайыздан 1 пайызға азайтты.

«7-20-25»

Үй мәселесінде ең басты жаңалық «7-20-25» атты жаңа ипотеканың ашылуы. 7 пайыздық жеңілдетілген ипотека қазір қайталама нарықта да, жаңа үйлерге де беріледі. Әзірге бұл бағдарлама бойыша шамамен 3 мыңдай адам баспана алған.

Комуналды қызмет арзандады

Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекет басшысы өзі коммуналды қызметтің бағасын көтеруге рұқсат берген. Ондағы айтқаны «егер коммуналды қызмет бағасы арзан болса, инвесторлар салаға қаржы салмайды». Дегенмен, бірнеше жыл өткенде қымбат тариф ұсынып келген монополистер артық тапқан қаржысын коммуналды нысандарды жөндеуге салмай, өздері байып отыра берген. Күзде мемлекет басшысы осыны айтып, коммуналды қызмет ақысын, соның ішінде көмір бағасын да азайтуды тапсырды. Қазір облыстар біртіндеп тапсырманы орындауға кірісіп кетті.

Астана қаржы орталығы

Мемлекеттік пропаганда бойынша жылдың ең басты экономикалық жаңалығы – Астана халықаралық қаржы орталығы мен онда Астана қор биржасының ашылуы. Қаржы орталықтың акционерлері қатарында Қазақстан үкіметінен бөлек NASDAQ қаржы орталығы, Шанхай қаржы орталығы мен Қытайлық қор бар. Әзірге биржаға 100 шақты компания тіркелгені айтылады. Оның нақты нешеуі акцияларын саудалап жатқаны белгісіз.

Оқыңыз:   Шпекбаев дөрекелік жасаған мемқызметкерлердің лауазымын төмендетуді ұсынды

Кооперативтер қықартылды

Ауыл шаруашылығы саласындағы өзгерістер министрдің ауысуымен басталды. Мырзахметовтың орнына келген Шүкеев бұрынғы министрдің бірнеше бастамасын тоқтатып, өзгерістер енгізді. Соның ішінде ең бастысы Мырзахметовтың ашқан кооперативтері. Мырзахметов министр болғанда ауылдағы қосалқы үй шаруашылықтарын, яғни қарапайым халықтың қолда ұстап отырған санаулы малын қосып, баяғыдай ұжымшар секілді заманауи кооперативтер ашқызған жаппай. Шүкеев соның енді экономикалық тиімсіз болғанын айтып, қайтадан тек мемлекеттік қолдауды барлық кооперативтерге бере бермей, тек ірі шаруашылықтарға ғана мемлекеттен субсидия беру керектігін айтып, сол бағыттағы жұмыстарды жандандырып жатыр.

«Қазатомөнеркәсіп» IPO-ға шықты

Ең басты жаңалықтардың бірі «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының акцияларынң алғаш рет биржада көпшілікке ұсынылуы. Компанияның 15 пайыз акциясы Астана биржасы мен Лондон биржаларында сатыла бастады. Сауданың алғашқы күнінен бастап компания акцияларына қызығушылық танытқандар көп болды.

КСеll акцияларын Қазақтелеком сатып алды

Қазақтелеком ұлттық компаниясы КСеll компаниясы акцияларының ауқымды үлесін сатып алып, саладағы мемлекеттің ықпалын күшейте түсті. Сарапшылар телекоммуникация саласының монополияланып бар жатқанын айтуда. Әзірге мұнымен бәсекелесе алып отырған орыстың Beeline-ы ғана.

Венчурлі қаржыландыру туралы заң қабылданды

Астана қаржы орталығымен қатар Астана технологиялық паркінің ашылғаны да белгілі. Қазақстандық силикон аңғары ретінде жұмыс істеу мақсатымен құрылған стартаптар алаңы ақпаратты технологиялар саласындағы стартапшыларға тегін кеңсе, инвесторлар мен менторлар ұсынады. Стартаптарды қаржыландыру үшін Үкімет венчурлі қаржыландыру туралы заң қабылданды. Венчурлі қаржыландыру дегеніміз – тәуекелі жоғары, алайда пайдасы басқа стартаптардан айтарлықтай артық стартаптарды қаржыландыру түрі.

Мұнай өндірісі тарихи рекордқа жетті

Биыл Қазақстанда мұнай өндірісі 90,3 млн тоннаға жетті. Бұл тарихтағы абсалютті рекорд. Өткен жылы өндіріс көлемі 80 млн тоннаның үстінде болған. Келер жылы, министр Бозымбаевтың айтуынша, өндіріс биылғыдан сәл аз болмақ. Өйткені, келер жылы Қашаған мен Теңіз кен орындары жоспарлы жөндеу жұмыстары жасау үшін уақытша жабылады.

Оқыңыз:   Ұлттық банк Қазақстанға салынған инвестицияның рекордтық деңгейге жету себебін түсіндірді

Мұнай бағасының құбылуы

Жыл басын 55 доллардың айналасында бастаған Брент маркалы қара алтын бағасы жаздың ортасында 45 долларға дейін арзандап, күзге қарай 85 долларға дейін жетті. Дегенмен, желтоқсанның ортасында мұнай нарықта 50 долларға қайта төмендеп, жылды қазір 53-55 доллар аралығында жауып отыр.

Теңге 10 пайыздан артыққа әлсіреді

Мұнай бағасының құбылуы теңгеге де тікелей әсер етті. Оның үстіне Ресейге қарсы санкциялар да ұлттық валютамызға кері әсерін тигізді. Қаңтарда доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 330 теңге болып, күзге қарай бұл көрсеткіш 320-ға дейін төмендегенімен, жыл соңына дейін біртіпдеп 385-ке дейін жақындады. Нәтижесінде теңгенің жыл басынан бері долларға шаққандағы бағамы 15 пайызға дейін әлсіреп отыр.