2018 жылы экспорт өсімі импорт өсімінен 5 есеге артық болды

2018 жылғы 3-тоқсанда ағымдағы операциялар шоты 2014 жылдан бері алғаш рет 0,2 млрд АҚШ доллары болған профицитпен қалыптасты, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкі.

Бас банктің мәліметінше, тұтастай алғанда, 2018 жылғы 9 айда ағымдағы шот тапшылығы 2017 жылғы 9 айдағы көрсеткішпен салыстырғанда 10 есеге жуық – 4,6 млрд АҚШ долларынан 0,5 млрд АҚШ долларына дейін қысқарды, бұл елдегі экономикалық жағдайдың жақсарғанын куәландырады.

2018 жылғы 9 айда ағымдағы шот жағдайының жақсаруы шикізаттың әлемдік нарықтарындағы жағымды жағдай аясында сауда балансының оң сальдосының 64%-ға өсуіне байланысты. Тауарлар экспорты 45,4 млрд АҚШ долларына дейін 28,3%-ға ұлғайды, ал тауарлар импорты 25,5 млрд АҚШ долларына дейін небары 9,6%-ға өсті.

Экспорттық кірістердің ұлғаюы тікелей шетелдік инвесторлар кірістерінің 16,1 млрд АҚШ долларына дейін 31,8%-ға өсуіне себепші болды, бұл ағымдағы шоттың жақсаруын баяулатты. Алайда бұл кірістердің 60%-дан астамы Қазақстандағы еншілес кәсіпорындарды қаржыландыруға бағытталды.

Қаржы шоты бойынша (Ұлттық Банктің резервтік активтерімен операцияларды қоспағанда) капиталдың 1,7 млрд АҚШ доллары болған таза әкетілуі резиденттердің міндеттемелерінің төмендеуіне байланысты, ол шетелдік активтердің қысқаруымен ішінара өтелді.

Тікелей инвестициялар бойынша таза әкелу 4,9 млрд АҚШ долларын құрады, бұл шетелдік үлестес компаниялардың Қазақстанның резиденттері алдындағы өздерінің борыштық міндеттемелерін өтеуіне және бейрезиденттердің Қазақстан кәсіпорындарының капиталына кірістерді қайта инвестициялауына байланысты.

Портфельдік инвестициялар бойынша капиталдың 3,0 млрд АҚШ доллары мөлшеріндегі таза әкетілуі резиденттердің бұрын шығарған еурооблигацияларын өтеуі, «ҚазМұнайГаз» БарлауӨндіру» АҚ-тың өзінің акцияларын және ауқымды депозитарлық қолхаттарды сатып алуы, сондай-ақ резиденттердің қайталама нарықта ҚР Қаржы министрлігінің еурооблигацияларын сатып алуы есебінен резиденттердің міндеттемелерінің азаюымен негізделді.

Оқыңыз:   Теңгенің курсы 13 айдан бергі минимумға құлдырады