Нұрбанк» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен Мусатаева Гульнара Абаевна 2021 жылдың 29 қыркүйегінен бастап Банктің Басқарма Төрайымы болып тағайындалды, деп хабарлайды банк.

Гульнара Мусатаева бұған дейін «Нұрбанк» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары лауазымында жұмыс атқарды, заңға қатысты мәселелерде, сонымен қатар, банктің кепілге қатысты қызметіне, кінәрат-талап жұмыстары бөлімшесіне, жарнама және жұртшылықпен байланыс басқармасына, қызметкерлермен жұмыс істеу басқармасына, сондай-ақ әкімшілік-шаруашылық қызметіне, бөлшек және карточкалық бизнес бөлімшелерінің жұмысына басшылық етті.

Эльдар Сарсеновтың «Нұрбанк» АҚ-ның ірі акционері мәртебесін алуына байланысты оның орнына Гульнара Мусатаева Басқарма Төрайымы лауазымына тағайындалды.

«Акционерлер мен директорлар кеңесіне маған сенім білдіргендері үшін алғыс айтамын. Нұрбанк қаржы нарығында 30 жылдан бері жұмыс атқарып келеді. Банк өсіп жатыр және қаржы нарығында тұрақты орынға ие болды. Бұдан әрі де банктің сапа тұрғысынан дамуы, бөлшек, корпоративтік және ШОБ секторында кредиттік портфельдің сенімді өсуі, озық технологияларды қолданып, қызмет түрінің және банктік өнімдердің артуы бойынша біздің үлкен жоспарларымыз бар» - деді Гульнара Мусатаева. 

Мусатаева Гульнара Абаевна 1967 жылдың 28 желтоқсанында өмірге келген. Ол 1990 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Г. Мусатаева жұмыс жолында  Қазақстан Ұлттық Банкінде, ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінде, сонымен Халық Банкінде түрлі лауазымдарды міндет атқарды. 2011 жылдан 2020 жылға дейін «Нұрбанк» АҚ-да басқарушы директор-Басқарма мүшесі лауазымында жұмыс істеді. 2020 жылдың 2 желтоқсанынан бастап «Нұрбанк» АҚ Басқарма төрағасының лауазымына ауыстырылды. Банк секторындағы жұмыс өтілі – 27 жыл.

Бұған дейін Эльдар Сарсенов «Нұрбанк» АҚ-ның мажоритарлық акционері болып табылатын JP Finance Group-тың 100% үлесін сатып алу арқылы «Нұрбанк» АҚ-ның ірі акционері болғаны хабарланған еді.

Бұрын хабарланғандай, Эльдар Сарсенов Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен ірі (жанама) акционер мәртебесін алуға рұқсат алды. Бүгінгі таңда акционердің ауысуына байланысты барлық қажетті рәсімдер орындалып, Эльдар Сарсенов «Нұрбанк» АҚ-ның Басқарма төрағасы қызметінен кетті, бірақ, сонымен қатар ол «Нұрбанк» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі болып қала бермек.

«Өткен жылдарда, банктің дамуы бойынша бірігіп жұмыс атқарған «Нұрбанктің» кәсіби командасы жасақталды. Қазіргі кезде маңызды өзгерістер орын алып жатыр және Нұрбанк алдында банк ретінде ғана емес, сонымен қатар ірі қаржылық холдингтің бір бөлігі ретінде жаңа міндеттер тұр. Бұл жаңа технологияларды қолдану арқылы біздің жаңа өнімдерді әзірлеуде және негізгі басымдықтардың бірі клиенттерге қызмет көрсетудің жоғары деңгейі бар әмбебап қаржылық-кредиттік мекемені жасақтау болып табылатын даму стратегиясында ескерілетін болады. Біз кредиттік және депозиттік қоржындарды ұлғайтып, олардың сапасын жақсартуды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті Эльдар Сарсенов.  

«JP Finance Group» ЖШС-ның құрамына «Нұрбанк» АҚ-дан басқа Money Experts АҚ, «Нұр Лизинг ЛК» ЖШС және «NB» САБҰ» ЖШС кіреді. Сонымен қатар, Эльдар Сарсенов – «Виктория» сақтандыру компаниясының ірі акционері болып табылады.

Айта кетейік, «Нұрбанк» АҚ 1992 жылы құрылған және Қазақстан Республикасындағы екінші деңгейдегі ірі банктердің бірі болып табылады. Еліміздің барлық негізгі аймақтарында Банктің 17 филиалы мен 77 бөлімшесі бар. 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі күй-жай бойынша банктің пайдасы 1 207 млн. теңгені құрады. 70,5 млрд. теңгеге кредиттер берілді (2020 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,3 еседен астамға өсті). Оның ішінде ШОБ үлесі - 38%, бір жыл ішіндегі өсім - 26%. Банктің активтері 448,2 млрд. теңгені құрады, бұл 2020 жылдың 8 айымен салыстырғанда 4,8%-ға көп. Банктің клиенттер алдындағы міндеттемелерін уақытында орындауға қабілеттілігін көрсететін өтімділік көрсеткішінің үлкен қоры бар және реттеуші белгілеген нормативтен 7 есе асып түседі. S&P Global Ratings «Нұрбанктың» ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді кредиттік рейтингтерін «B-/B» деңгейінде және банктің ұлттық шәкіл бойынша ұзақ мерзімді рейтингін «kzBB-» деңгейінде бағалайды. Болжамы - «Тұрақты».