Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі бір айда 2,7%-ға ұлғайып (жылдық мәнде өсу 15,9% болды), 2021 жылғы тамыздың соңында 16 456,5 млрд теңгені құрады, деп хабарлайды Ұлттық банк.

Заңды тұлғаларға кредиттер көлемі бір айда 7 221,5 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға, жеке тұлғаларға – 9 235,0 млрд теңгеге дейін 4,2%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі бір айда 14 560,6 млрд теңгеге дейін 3,2%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 1,6%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер – 4,2%-ға өсті.

Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 895,8 млрд теңгеге дейін 0,7%-ға азайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 0,6%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер 5,4%-ға төмендеді.

2021 жылғы тамыздың соңында теңгемен кредиттердің үлес салмағы 88,5% (2020 жылғы желтоқсанда – 87,0%) болды.

Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі бір айда 14 167,7 млрд теңгеге дейін 3,1%-ға, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 2 288,7 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға ұлғайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2021 жылғы тамызда 2 894,1 млрд теңгеге дейін 2,0%-ға ұлғайды (корпоративтік сектор кредиттерінің жалпы көлемінің 40,1%-ы).

Корпоративтік секторды сала бойынша бөлуде банктердің экономикаға берген кредиттерінің неғұрлым елеулі сомасы өнеркәсіп (корпоративтік сектордың жалпы көлеміндегі үлесі – 32,1%), сауда (21,1%), құрылыс (7,4%) және көлік (5,6%) сияқты салаларға тиесілі.

2021 жылғы тамызда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,6% (2020 жылғы тамызда – 11,9%), жеке тұлғаларға – 17,2% болды (17,1%).