Құрылыс саласы экономиканың жаңа драйверіне айналды

Асқар Маминнің төрағалығымен өткізілген Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев 2021 жылғы қаңтар-тамыздағы ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы баяндады.

«Ағымдағы жылғы қаңтар-тамызда экономиканың өсуі 3%-ті құрады. Нақты сектор экономика тұрақтылығының факторы болып қалуда. Оның өсуі 3,5%», – деді Әсет Ерғалиев.

2021 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша қызмет көрсету саласында өсу, өндірмейтін салада инвестицияның жоғары өсуі, оң сауда балансы байқалады.

Құрылыстағы жоғары көрсеткіш 2,5 есе, өңдеуші өнеркәсіпте – 81,7%, ауыл шаруашылығында – 43,2%, саудада – 39,9%, ақпарат және байланыс саласында –37%, жылжымайтын мүлік операциясы – 16,2% және көлік – 9% көлемінде.

ҰЭМ басшысы хабарлағандай, қаңтар-шілдеде сыртқы сауда айналымы 53,7 млрд долларды, оның ішінде экспорт – 32 млрд долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауар экспорты 23,4%-тен 10,4 млрд долларға өскен. Тауар импорты 21,7 млрд доллар. Осылайша оң сауда балансы 10,4 млрд доллар деңгейінде қамтамасыз етілді.

Өңдеуші өнеркәсіп тұрақты өсу тенденциясын сақтауда. Өндіріс көлемі 5,8%-ке өсті. Бұдан басқа, қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 2,3%-ке артты.

2021 жылғы қаңтар-тамызда орындалған құрылыс жұмысы көлемі 11,4%-ке өсті. 8,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы көлемі 2%-ке көтерілді.

Ұлттық экономика министрлігі басшысы елдің макроэкономикалық тұрақтылығын сақтау үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар инвестиция тартуға, инвестициялық жобаларды мониторингілеуге, астық жинау, жем-шөп дайындау көрсеткіштеріне қол жеткізуге және құрылыс жұмыстары маусымын аяқтауға әзірленуге назар аударуы қажеттігін атап көрсетті.

Сонымен қатар Инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенін жедел орындау, халықты вакциналау, ШОБ қызметін қалпына келтіруге белсенді түрде жәрдемдесу және «Еңбек» пен «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары шеңберінде жұмысқа орналастыру шараларын іске асыру басымдыққа ие.

Рұқсатсыз көшіруге тиым салынады!:Naryk.kz | Нарық.кз » Құрылыс саласы экономиканың жаңа драйверіне айналды

Ұнады (0)